16 нау, 2022 сағат 12:47

Сайлау алдындағы уәдесін орындамаған депутатты кері қайтару мүмкін болады - Президент


Сайлау алдындағы уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға мүмкін болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бүгінгі Жолдауда Президент сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделі тура мәлімдеме жасаған болатын. 

«Императивті мандатқа көшуде депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады. Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы. 

Осы орайда Президент аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түсетініне сенім білдірді.