31 мам, 2022 сағат 22:52

Саяси жүйемізді реформалау ісі алдағы уақытта да жалғаса береді - Әшімбаев


Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркістан облысында жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында конституциялық реформаның мәні мен маңызы кеңінен сөз болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат Спикерінің сапары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етумен басталды. Ол жерде сенаторлар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, дұға жасады.

Өңірдің зиялы қауымымен кездесуде Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар талқыланды. Сондай-ақ жиынға қатысушылар тарихи сананы жаңғырту мәселесіне назар аударды. Сенат Төрағасы бұл ретте соңғы жылдарда белсенді жүргізіліп келе жатқан ашаршылық тақырыбын зерттеу жұмыстарының маңызды екенін, осы бастаманы республикалық және өңірлік деңгейде жалғастыру керектігін айтты.

«Ашаршылық тақырыбына арналған жұмыстарды әрі қарай жалғастырудың маңызы зор. Бұл, бірінші кезекте, тарихи санамызды жаңғырту үшін қажет. Ал, тарихи сананы жаңғырту дегеніміз, Тәуелсіздікті нығайту, елдікті еңселі ету және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы негізгі қадамдардың бірі», – деді Мәулен Әшімбаев.


Сонымен қатар Сенат Спикері ел Президентінің бастамасымен қолға алынған саяси реформаларға тоқталды. Ол Конституцияға енгізу үшін ұсынылған түзетулер мен алдағы референдум еліміздің саяси жүйесін ғана емес, басқа да салаларды дамытуға берік негіз қалайтынын атап өтті.

«Конституиялық реформа билік монополиясын болдырмауға және саяси бәсекені дамытуға жол ашады. Бұл бастамалардың бәрі Қазақстанды демократиялық, құқықтық, әділетті және әлеуметтік мемлекет ретінде нығайтуға бағытталған. Осы жолдағы жұмыстар Конституцияға өзгерістер енгізумен тоқтамайтыны белгілі. Алдағы уақытта да саяси жүйемізді реформалау ісі жалғаса береді», – деді Сенат Төрағасы.


Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттерімен кездесті. Ол іс-шарада конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы айтып, жастардың сұрақтарына жауап берді.

«Қазіргі таңда білім алу өмірлік процеске айналды. Бүгінде жай ғана сауатты болу жеткіліксіз. Университет қабырғасында бакалавр немесе магистр дәрежесін иелендім деп те тоқмейілсуге болмайды. Әрдайым ізденісте болу қажет. Өзіңді үздіксіз жетілдіріп отыру – жетістіктің негізі», – деді Палата Спикері.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Кентау трансформатор зауытының ұжымымен және өңірдегі бір топ әлеуметтік кәсіпкермен кездесіп, саяси реформалардың маңызына назар аударды. Кездесуде аймақтағы өзекті мәселелер, аталған салаға қатысты түйткілдер де жан-жақты талқыланды. Мәулен Әшімбаев айтылған пікірлер мен ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдар тарапынан пысықталып, Парламенттің заң шығару жұмысында ескерілетінін жеткізді.