Белгілі саясаттанушы, BTSDigital білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек Президенттік кадр резервінің артықшылықтары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде ұрпақтар ауысып жатыр. Көптеген лауазымды қызметке жас мамандар келіп жатыр. Мәселен, Финляндияда Үкімет кабинеті мүшелерінің, министрлердің орташа жасы – 32-35-те. Гендерлік теңгерім де өзгеріп келеді. Мұның басты себебі – адамзат алдында тұрған мәселелердің сипаты өзгеріп келеді. Жаңа проблемаларды шешу үшін ескі тәжірибелерге сүйене алмайтын құбылыс пайда болды», - деді Саясат Нұрбек ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Сонымен бірге, спикер жаңа жылдың басында жүзеге асырылатын ірі жобаның қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
«Шын мәнінде, Президенттік кадр резервінің ең басты міндеті – туындаған проблемаларға жедел жауап бере алатын үздік жастарды іріктеу. Бұл жаңа құрал емес, Қазақстанда бірнеше рет қолданылған тәсіл. 90-шы жылдарды еске алсақ, елордамыз көшкен кезде ғылыми қоғамдастықтан, іскер және шығармашылық зиялы қауымнан көптеген жастар шақыртылған болатын. Енді бюрократиялық аппаратты жаңарту маңызды. Сонымен қатар, Президент жаңа басқарушылар жүзеге асыратын креативті, айрықша міндеттерді алға қойып отыр», - деді сарапшы.
Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 қазақстандықтың анықталғанын мәлімдеді. Жеңімпаздардың орташа жасы 31-де.
Жоба жеңімпаздарының толық тізімін Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтынан көруге болады.