14 мау, 2022 сағат 12:07

Саясат Нұрбек министр ретінде ант берді


Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында Қазақстан халқына ант берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Дәстүр бойынша аптаның сейсенбісінде өтетін Үкімет отырысына жаңадан құрылған үш облыстың әкімі де қатысып отыр. Сондай-ақ оқу-ағарту және ғылым және жоғары білім министрлері де бар.

Президент Жарлығымен ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалған Саясат Нұрбек салтанатты түрде ант берді.

"Қазақстан Республикасының халқы мен Президенті алдында өз Отаным Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін!", - деді ол.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметке қосылған шенеуніктерді құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі. Сонымен қатар Үкімет басшысы бүгін оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қырық жасқа толып отырғанын атап өтті.

Айта кетейік, 11 маусымда білім және ғылым министрлігі екі ведомствоға бөлінді. Президент жарлығымен Асхат Аймағамбетов оқу-ағарту министрі болып, ал Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды.