06 сәу, 2021 сағат 09:40

Сәуірде медицина ұйымдары жабдықтарын түгендеу жұмысы аяқталады

Сәуірде медицина ұйымдары жабдықтарын түгендеу жұмысы аяқталады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлердегі барлық денсаулық сақтау ұйымдарындағы, оның ішінде реанимациялық бөлімшелердегі жабдықтарға түгендеу жүргізіліп жатыр. Осы жылдың сәуірінде бұл жұмыс аяқталып, оның қорытындысында қосымша жабдықтау жүзеге асырылады. Дегенмен, пандемия басталғаннан бері инфекциялық стационарларды негізгі реанимациялық жабдықтармен жабдықтау 100 пайызға жеткізілді. Бұған қоса, бүгінде реанимациялық төсек-орындардың 22 пайызы ғана бос емес», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, материалдық-техникалық базаны нығайту реалистік болжамға сай эпидемиологиялық ахуал ушыққан кезде медицина ұйымдарының бір-бірінен жабдықтарды уақытша алу қажеттігін туындатпайды. 

«Медицина ұйымдарын одан ары жабдықтау үшін 2021-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетте 85 млрд теңге бөлу көзделген. Реанимациялық бөлімшелерді қосымша жабдықтау жұмыстары өңірлерде тұрақты түрде жүргізіледі», - деді Алексей Цой.