20 мам, 2022 сағат 16:23

«Сарыарқа» газ құбырының қуаты Нұр-Сұлтан мен Қарағандыға ғана жетеді – министр


ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов БАҚ өкілдеріне елдің солтүстігі мен шығысындағы өңірлерді газдандыру мүмкіндіктері туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Солтүстік және шығыс өңірлерге газ тарту мәселесі бойынша мамыр айының аяғында, келесі аптада іссапарға ұшамын. Сол жақта Ресей Федерациясынан газ тасымалдаудың техникалық, экономикалық мәселелері, бағасы бойынша әңгіме жүргіземін. Бұл – өте кешенді мәселе. Осымен қатар, өз ішіміздегі газ құбырларын солтүстік және шығыс бағыттарда дамыту керек. Бірақ, қазіргі «Сарыарқа» газ құбыры Қарағанды және қайтадан құрылып жатқан Ұлытау облыстары арқылы Нұр-Сұлтанға жетеді. Одан әрі келесі кезеңде Ақмола облысы – Көкшетау қаласы мен Петропавлға дейін тартылады. Осындай желі бар», - деді ведомство басшысы. 

Оның айтуынша, бұл құбырдан шығыс бағытқа Павлодар арқылы тармақ шығаруға болады. 

«Павлодардан әрі қарай Семей деп кете береді. Алайда, бұл – жоба ғана. Өзімізді табиғи газдың көздерінен қамтамасыз ету үшін Батыс өңірлерден қосымша әрі тұрақты газ қорын табуымыз керек. Мұндай газ қоры табылған күннің өзінде жаңа құбыр тарту қажет. Өйткені, қазір қолданып отырған «Сарыарқа» газ құбыры оның бәрін көтере алмайды. Қарағанды облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының қажеттілігін ғана жабуға қауқарлы. Сонда бәрібір жаңа құбыр салу керек болады. Бәрінен де Ресейден газ ала тұрып, өз ішіміздегі құбырларды қатар дамыту жеңіл болатын шығар. Оның өзінде, өзіміздің газ Ресейдікінен арзан болады деген нақты дерек жоқ. Өйткені, Батыс Қазақстаннан Петропавлға дейінгі аралық 2000 шақырымнан асады. Ал, Ресейден бері тартсақ, 500-600 шақырым. Қашықтың айырмашылығы орасан. Ал, газ құбырының шығыны тікелей соған байланысты», - деді Болат Ақшолақов.