24 ақп, 2017 сағат 12:27

Сарайшық қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналады

Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Сарайшық қалашығын сақтау мәселесі бойынша кеңейтілген отырыс өткізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Басты тақырып Атырау қаласынан 55 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағасында орналасқан көне Сарайшық қалашығын сақтау мәселесіне арналды.  

Ескерткіштің құжатына сәйкес, оның ауданы 100 га. құрайды, алайда ескерткіштің аумағы Жайық өзені шаюының әсерінен жылдан жылға азайып келеді. Қазіргі таңда қалашықтың басым бөлігі Жайық өзенінің әсерінен бұзылған. 

Кеңейтілген отырысты Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ашты. Отырысқа депутаттар, танымал қоғам қайраткерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері, жетекші тарихшылар мен археологтар, атап айтқанда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Енсегенов, ғалымдар Зейнолла Самашев, Карл Байпақов, Бүркітбай Аяған, Берекет Кәрібаев, философ Ғарифолла Есім, зиялы қауым өкілдері Есенғали Раушанов, Мереке Құлкенов және т.б. қатысты.

Атырау облысының әкімдігі 2013 жылы ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес  құрылған «Сарайшық» қалашығын сақтап қалу мәселесін талқылау жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімі бойынша Жайық өзенінің жағалауын бекіту бойынша жұмыстарды жүзеге асырған.

Сарайшық қалашығын сақтап қалу мәселесіне қатысты кеңейтілген кеңесте аталмыш мәселеге жүйелі, бірізді қарау есебімен бірегей тарихи ескеркерткішті сақтаудың алдағы қабылданатын шаралары талқыланды.

Отырыс барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ведомстваның республика аумағында тарихи және мәдениет ескерткіштерін сақтап қалу бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатқандығын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстанда 220 тарих және мәдениет, археология, архитектура және монументалдық өнер ескерткіштері бар.    

«Біздің басты мақсатымыз - көне Сарайшық қалашығының табиғи бұзылуын тоқтату. Біз бұл бірегей мәдени ескерткішті сақтап қалып, болашақ өскелең ұрпаққа табыстау үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Бұл жерде әкімдікке жағалауды бекіту жұмыстары бойынша қабылданған шаралар үшін алғысымды білдіргім келеді. Бекіту жұмыстарын жүргізгеннен кейін археологиялық зерттеулер өз жалғасын табатын болады. Археологиялық қазбалардан кейін бірден реставрациялық жұмыстарға көшетін боламыз» - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.  

Жоғарыда аталғандай, Мәдениет және спорт министрлігі көне Сарайшық қалашығында ғылыми-реставрациялық және консервациялау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, бұл жерде туристерді тарту үшін көне Тараз қалашығы үлгісінде ашық аспан астында музей ашу қолға алынатын болады.