22 қаз, 2019 сағат 10:38

Сарапшылар Алматы ауасының ластану себебін айтты

Ұлттық сараптама орталығы Алматыдағы ауаның ластану деңгейі жоғары екенін анықтады.

Жылдық жоспарға сәйкес, Ұлттық сараптама орталығы қаланың ауа бассейнінің жай-күйін анықтау үшін зертханалық мониторинг жүргізді.

2019 жылдың бірінші жартысында атмосфералық ауаға 1576 зерттеу жүргізілді, оның ішінде 431 сынамада сәйкессіздік анықталды.

«Зерттеу барысында атмосфералық ауаның санитарлық нормаларына сәйкес еместігі анықталды. Азот диоксиді мөлшері рұқсат етілген концентрациядан 2,2 есе, күкірт диоксиді 1,2 және көміртек тотығы 1,4 еседен асты. Бұл ластаушы заттар негізінен экологиялық қауіп туғызып, адам денсаулығына кері әсер етеді», - деп хабарлайды Ұлттық сарпатама орталығы.

Сондай-ақ, атмосфералық ауадағы көміртек тотығы адамға сезілмейді. Алайда, ол дене тіндерінде оттегінің жетіспеушілігін тудырады. Бұл кезде адамның басы ауырып, жүрегі айнып, есінен тануы мүмкін.

«Азот диоксидінің ауада болуы көміртегі шығаратын газдармен әрекеттескенде фотохимиялық тұманның пайда болуына ықпал етеді. Азот диоксиді - бұл сарғыш-қоңыр түсті газ, ол көру қабілетін нашарлатады, ауаға қоңыр рең береді, өте уытты, бронхит ауруын тудырады және ағзаның тыныс алу органдарындағы ауруларға төтеп беруін төмендетеді», - деп түсіндірді мамандар.

Сарапшылар Алматыдағы ауаның ластануының негізгі себептерін атады. Ол - автокөлік қозғалысы кезінде бөлінетін көміртек және кәсіпорындардан шығатын зиянды заттар. Мамандар көптеген кәсіпорындар әлі күнге дейін ескірген технологиямен жұмыс істейтінін атап өтті.

Ұлт ақпарат