28 қаз, 2020 сағат 11:55

Саран қаласында жанып кеткен үйден 78 жастағы қарияның мүрдесі табылды

Қарағанды облысында бүгін түнде 3 елді мекенде тұрғын үйлерді от шарпыды. Өрт салдарынан екі адам зардап шекіп, біреуі қаза тапты, 19 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

27 қазан күні сағат 17:50-де Ақтоғай ауданы Шашубай кентінде, бір қабатты тұрғын үйде қатты отынмен жылытатын пешпен жылыту ережелерін бұзу салдарынан (түтін мұржасы тазаланбаған) 1983 жылы туған ер адам улы газбен уланған. Ауыр халде ауруханаға жатқызылды. 

Тағы бір өрт 28 қазанға қараған түні болды. Сағат 02:38-де Жезқазған қаласының Есенберлин көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы пәтерде тоңазытқыштың жанғыш бөліктері өртеніп кетті. Қарағанды облысы ТЖД күшімен пәтерлерден баспалдақ маршы бойынша 19 адам, оның ішінде 2 бала эвакуацияланды. Өрт 03:01-де сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болды.

«Сол түні сағат 05:24-те Саран қаласында Некрасов көшесі бойынша бір қабатты жеке тұрғын үйде үй заттары мен жиһаздар, сондай-ақ веранданың ағаш конструкциялары жанған. Өрт аумағы 40 шаршы метрді құрады. 78 жастағы үй иесі қайтыс болды. Өрт 06:34-те сөндірілді. Өрттің шығу себебі мен адам өлімінің себебі анықталуда», - деп мәлім етті ТЖД баспасөз қызметі.

Құтқарушылар азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. Пешпен жылытуды ретке келтірумен қатар оны пайдалану ережелерінің талаптарын қатаң сақтау керек. Үнемі мұржаларды жиналған күйеден тазалаңыз. Пештер мен электр сымдарын жөндеуді тек мамандарға тапсырыңыз! 

Сонымен қатар өрт сөндірушілер желіні шамадан тыс жүктемеуге, оның ішінде көптеген электр құралдарын ұзақ уақыт қалдырмауға кеңес береді. Себебі бұл электр сымдарының жүктемесіне әкеледі.