15 там, 2019 сағат 09:03

«Самұрық-Қазына» экономиканы цифрландыруға айтарлықтай үлес қосып отыр - Асқар Жұмағалиев

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ« АҚ-да Модернизациялау жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда қорға қарасты компаниялардың цифрлы трансформациялану барысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеңес жұмысына Цифрлық даму, инновациялар жәна аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов және қоржындық компаниялардың басшылары қатысты.

Кеңес отырысын ашқан Ахметжан Есімов 2018 жылы трансформациялау бағдарламасы айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын атап өтті. Қор трансформациялау және цифрландыру бағдарламаларын біріктіріп, оларды барынша тиімді жұмыс істейтін бір бағдарламаға айналдырған. Осылайша, трансформациялау бағдарламасына енетін жобаларды таңдау жолы да өзгерді. Себебі жобалардың негізгі мақсаты «Самұрық-Қазынаға» қарасты қоржындық компаниялардың бизнес үдерістерін жақсарту болғандықтан, жобалар енді қатаң тәртіппен іріктеледі.

Осы өзгерістер айтарлықтай нәтижелер көрсеткен. Мысалы, 2018 жылы таза пайда 28 млрд теңгеге жетсе, 2019 жылы жобалардан күтілетін таза пайда 40,7 млрд теңгені құрайды деген болжам бар.

«Өткен жылы күтілетін пайдасы зор екендігін көрсетіп, жобаларға айтарлықтай мол бюджет сұраған қоржындық компаниялармен қызу пікір таластырған едік. Оларға бағындырылатын нақты көрсеткіштерді көрсетуге тура келді. Есесіне бүгін өздері баяндайтын жобалар шынымен де табыс әкеліп, бәсекелестік артықшылықтары барын білеміз», - дейді қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Қоржындық компаниялар цифрлы трансформациялау бойынша өздерінің негізгі жобаларын таныстырды. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеуаралық кезеңді ұзартатын жобасын; «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ тасымалдау құжаттарын қағаз түрінде рәсімдеу әдісінен электронды форматқа ауысу жобасын; «Қазпошта» АҚ «Қазақстан Республикасында В2В2С қызметтерін дамыту» жобасын таныстырды. Жалпы, жаңартылған бағдарламаға 56 жоба мен 98 іс-шара енген.

«Самұрық-Қазына» - Қазақстандағы цифрландыру бағдарламасындағы негізгі ойыншылардың бірі. Қордың цифрландыру жобалары амбицияға толы. Олар ел экономикасын цифрландыруға айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін«,- деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.

Цифрлы трансформациялау бағдарламасының мақсаты - компаниялар тобының тиімділігін арттыру арқылы негізгі өндірістік мәселелерді шешіп, стратегияларды жүзеге асыру.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылғы кеңесте «Самұрық-Қазына» басшысы Ахметжан Есімов трансформациялау бағдарламасын Қорға қарасты қоржындық компаниялардың бизнестегі міндеттеріне барынша сәйкестендіруді, «ауадан» алынатын цифрларды азайтып, трансформациялау арқылы әрбір компанияның табысын көбейтетін жаңа шешімдер табуды тапсырған болатын.