ҚР Қаржы министрлігінің бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов салық рақымшылығын көбірек пайдаланған өңірлерді атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Аймақтарды алып қарайтын болсақ, салықтық рақымшылықты көбірек пайдаланған кәсіпкерлер келесі өңірлерде тіркеліп отыр: Алматы қаласы (6 513 ШОБ субъектісі), Түркістан облысы (5 196 салық төлеуші), Алматы облысы 5 054 (салық төлеуші), Нұр-Сұлтан қаласы (3 729 салық төлеуші). Сызылып тасталған өсімақылар мен айыппұлдың ірі мөлшері (1,1 млрд теңге) Алматы қаласында тіркелді. Одан кейінгі орындарда Ақтөбе облысы (1,0 млрд теңге), Нұр-Сұлтан қаласы (750,0 млн теңге), Қостанай облысы (413,0 млн теңге) тұр», - деді Берік Шолпанқұлов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр сонымен бірге экономикалық салалар бойынша жеңілдікті пайдаланған санаттарды атады.
«Экономикалық бағыты бойынша салықтық рақымшылықты көбірек пайдаланғандардың алдыңғы қатарында жаппай және бөлшектік сауда саласының өкілдері тұр. Осылайша, жалпы төленген салықтар мен берешектердің 75 пайызын аталмыш санаттағы 33 130 салық төлеуші өтеген. Сонымен бірге қызмет көрсету саласында 3 327 салық төлеуші жалпы көрсеткіштің 15 пайызын, ауыл шаруашылығы саласындағы 2 209 кәсіпкер 5 пайызын төлеген. Шағын және орта бизнеске арналған салықтық рақымшылықты қорытындылай отырып, бұл бағыттағы жұмыс бизнесті жігерлендіргенін байқаймыз», - дейді ол.
Еске сала кетсек, елімізде салық рақымшылығы басталғалы бұл жеңілдікті 44 397 салық төлеуші пайдаланған.