01 там, 2017 сағат 17:54

Салауатты ұрпақ - тәуелсіздік тірегі

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы – ел ертеңiн ойлаудан туындаған, жарқын болашақты айқындайтын, халқымызға рухани серпiлiс әкелетiн маңызы зор құжат. Елбасы осы мақаласы арқылы қоғамның даму тетiктерiн дөп басып, халқымыздың руханиятына терең мән бере отырып, айқын да жасампаз идеяларын ұсынды.

Ұлт Көшбасшысы «жаңғыру жолында бабаларымыздан мирас болып, қанымызға сiңген, бүгiнде тамырымызда бүлкiлдеп жатқан iзгi қасиеттердi түлетуiмiз керектiгiн» ескерте отырып, кертартпа әдеттерден, ысырапшылдық пен даңғойлық, астамшылық секiлдi жағымсыз қылықтардан арылмайынша, берекемiздiң кiрмейтiнiн айтты. Ал, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, ұстамдылық пен үнемшiлдiк көсегемiздi көгертiп, көргендiлiгiмiздi көрсетпек.

Рухы мықты елдiң еңсесi биiк болатынын тарих дәлелдеген. «Адамзат баласының алдында үш айғақты зор мiндет тұр: бiрi —бейбiтшiлiктi, екiншiсi — руханиятты, үшiншiсi — табиғатты қорғау һәм сақтап қалу. Бұлардың қай-қайсысы да бiздiң тiршiлiгiмiздiң басты бағдары. Бiр-бiрiн толықтыратын ұғымдар» деген Елбасының идеясын басты бағыт етiп ұстанып, жаңғырудың өзегiне айналдыру елiмiздiң болашағын жарқын етерi сөзсiз.

Тәуелсiз ел тiрегi — денi сау ұлт десек, жаңа дәуiрдiң күн тәртiбiнде тұрған ең өзектi мәселе — денсаулық сақтау саласындағы реформаларды ойдағыдай жүзеге асырып, халық арасындағы аурушаңдықты азайту. Осы орайда, медициналық-әлеуметтiк сараптама бөлiмiнiң қызметкерлерi де өздерiне жүктелген жауапкершiлiк жүгiн толықтай сезiнедi. Бiздiң мiндетiмiз — мүмкiндiгi шектеулi жандарға көмек көрсетiп, олардың мүгедектiк тобын дәл анықтау және олардың оңалту бағдарламасынан өтуiн қадағалау, сырқатынан айыққан жандарға тиiстi қорытынды беру. Сондай-ақ, қоғамдық дамуды тежеп отырған жемқорлық iндетiнiң алдын алуға үлес қосуды да мiндетiмiз деп бiлемiз.

 ҚР Президентi Н.Назарбаев: «Ел болу үшiн – ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенiм болуы керек» дейдi. Олай болса, бiз де ұлттық салт-дәстүрiмiзге бекем болып, денi сау, бiлiмдi де рухты ұрпақ өсiруге атсалыссақ деймiз.

Нұрәлхан МҰСАХАНОВ, №11 медициналық-әлеуметтiк сараптама бөлiмiнiң басшысы. Бәйдiбек ауданы.

"Оңтүстік Қазақстан"