Кесірлі көзқарастарын көлденең тартқан бүлдіргі ағымдардың бетін қайтарып, екпінін басу, жөнге салу оңай шаруа болмай тұр. Сондықтан да болар, кейінгі кездері мемлекет тарапынан діни экстремизм мен терроризмге қарсы батыл шаралар жаңаша сипатта қолға алына бастады. Бұл жағдай олардың қоғамымызға дендеп еніп, үлкен күшке айналып үлгергенін анық аңғартады. Осы орайда елмен етене араласып жүрген, ҚМДБ тарапынан мешіттерге имам болып тағайындалған азаматтарымыздың ой-пікірлері, уағыздары қоғамымыз үшін маңызды.
Міне, осыған байланысты біз Алматы қалалық орталық мешітінің наиб имамы, дінтанушы Ерсін ӘМІРЕНІ әңгімеге тартқан едік.
– Таяуда Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жан-жақты талқы таразысына салып, бірінші оқылымда мақұлдады. Осы заң жобасына қатысты сіздің пікіріңізді білсек.
– Жаңа заң жобасында идеологиялық жұмыстарға, діни экстремизм мен терроризмнің пайда болуы себептерімен шынайы күресуге жеткілікті назар аударылмаған. Нақтылай айтқанда, мәселенің салдарымен күресу жолдарына басымдық берілген. «Діни экстремизм мен терроризмнің бастауы қайда?», «Жастарымыз бұл жолға қалай түсіп жатыр? деген сауалдарға барынша назар аударылуы керек. Негізінен, алдын алу жұмыстарына мейілінше көбірек көңіл бөлінуі тиіс еді…
– Сіздің ойыңызша салафизм ағымымен күресудің ең тиімді жолы қандай?
– Жалпы, салафизмге елімізде түбегейлі тыйым салмай, онымен күресуде жақсы нәтижеге жете алмаймыз. Олармен күресіп жатқан елдер бар. Алайда бұл елдермен Қазақстанды салыстыруға болмайды. Өйткені, олардың халқының діни сауаты бізге қарағанда өте жоғары. Мәселен, Түркия – Ислам әлемін басқарған халифаттың мұрагері. Өздерінің ұстанымдарын жақсы біледі. Өкінішке қарай, біздің халық ондай деңгейде емес. Сондықтан елімізде салафизммен идеологиялық тұрғыдан күресуден гөрі оған мүлде тыйым салу керек. Дәстүрлі діни ұстанымдарымызға жат, қайшы пікірлерді, ұстанымдарды радикалды көзқарас деп танып, осындай бағыттағы насихаттарды таратушылар заңмен қудаланады деп мәселе көтеруге әбден болады.
Әлемде қандай да бір қауіпті идеологияға тоқтам салу деген бұрыннан бар. Мәселен, фашизмге, антисемитизмге қарсы күрес соған жатады. Бізге бірінші кезекте салафишілердің уағыз саласында белсеніп жүрген үлкен шейхтарының қызметін тоқтату керек. Мен Атырауда жұмыс істеп жүрген кезімде байқағаным, такфир ағымының шейхы деп қарастырылатын Халил кеткеннен кейін оның шәкірттері жан-жаққа ыдырап кетті. Сол сияқты салафишілердің Медине мен Қазақстанда жүрген шейхтарының уағыздарына тоқтау салатын болса, онда олардың шәкірттері де ыдырап, нәтижесінде, салафишілер елеулі күш болудан қалатын еді. Егер елімізде салафит ағымының жетегінде жүргендердің кем дегенде 50 пайызы салафилік уағыздан қол үзер болса, онда оларды өз діни ұстанымымызға оралту жеңіл болады. Ал қалған бөлігіне түсіндіру жұмысын жүргізу соншалықты қиындық туғызбас еді.
Жалпы, салафишілермен идеологиялық тұрғыда күресу де керек шығар. Бірақ, оған тыйым салған әлдеқайда тиімді. Осы мәселелер заңнамаларда жан-жақты қамтылуы тиіс.
Осы арада айта кетейін, ұмра, рамазан кезінде елімізден көптеген салафишілер сыртқа шығып, 37 күндік, 20 күндік дәрістерге қатысып, онда Ділмұрат, Назратулла сынды салафилік, соның ішінде мәдхалилік бағытта насихат жүргізетіндердің уағыздарын тыңдап қайтады. Мұның да алдын алу, жолын кесу қажет. Сондай-ақ, салафишілердің ұстаздарына, олардың интернет желісіндегі дәрістеріне тыйым салған жөн. Әсіресе, ұмра, рамазан уақытын өз пайдаларына асыруға тосқауыл қою керек.
– Жат ағымның жетегінде жүрген қандастарымыздың бетін бері бұру жолындағы жұмыстардың нәтижесіне көңіліңіз тола ма?
– Қайталап айтамын біз салафилік бағыттағы уағыздардың «жемісімен» күресіп жатырмыз. Ал «бағбандармен», жат ағымның «дәнін» егушілермен шаруамыз болмай тұр. Бұл өз кезегінде көптеген отандастарымызды салафилік бағыттан кері қайтарудағы жұмысымызды қиындата береді. Көп уақытымыз желге ұшады. Олардың ұстаздары емін-еркін елімізге ұшақпен ұшып келіп, ұшып кетіп жүр. Ешкім тосқауыл қойып жатқан жоқ. Ел тұрғындарын салафиші етіп жатқан солар. Осылайша, бөтен пиғылдағы уағызшыларды тайраңдатып қоямыз да, олардың уағызын тыңдағандармен шұғылданамыз. Бұл – ақылға сыйымсыз дүние.
Десек те салафишілермен күресте оң нәтиже байқалады. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, беті бері қарағандардың орнын келесі бір азаматтар басуда…
Айта кетейін, өзіміздің дәстүрлі ұстанымдарымызға бұрылып жатқандардың көпшілігі ерікті түрде ойланып, жақсы мен жаманды өз ақылымен айыра білгендер. Ал салафишілермен мәжбүрлеп сөйлесу нәтиже беріп жатқан жоқ.
– Салафишілердің қатарында болып, кейіннен оның дұрыс бағыт емес екенін түсініп, райынан қайтқандардың бұрынғы ниеттестерінен қысым көргенін естідіңіз бе?
– Бес-алты жыл салафишілер қатарында болып, өзіміздің дәстүрлі ұстанымға оралған бірнеше жігітті білемін. Бүгінде олар діни білімдерін жетілдіруде. Алғашқыда бұрынғы ниеттестері оларды қайта-қайта мазалап, өздерінің қатарына қайта тартуға әрекеттенген көрінеді. Бірақ кейіннен күдерлерін үзген.
– Жастарымызды діни білім алу үшін шетелге жіберген кезден бастап қоғамымызда керітартпа көзқарастар көбейіп кетті. Бұл бізге алдағы уақытта жастарымыздың ислами білімін жетілдіру үшін тек өз еліміздің оқу орындарынан, медреселерінен дәріс алу қажеттігін ұқтырмай ма?
– Діни білім алуы мақсатында жастарды сырт мемлекеттерде оқыту мәселесіне келер болсақ, оған түгелдей тыйым салу, меніңше, дұрыс емес. Негізінен, біздегі діни оқу орындары әлемдік дәрежедегі білім ошақтарымен деңгейлесе алмайды. Сол үшін шетелдерде жастардың діни білім алуын тоқтату мәселесін күн тәртібіне шығару бізге өте ерте. Егер өзімізде мықты оқу орындары, оларда қызмет ететін әлемдік деңгейдегі профессорлар, докторлар шығып жатса, сонда ғана сыртта оқытпау мәселесін қарастыруға болар еді.
Жастарымызды сыртқа шығармасақ, жат ағымдардың алдын аламыз деу қате пікір. Бұдан асыл дініміз, дәстүрлі бағытымыз зиян шегеді. Осы арада айта кетер жайт, елімізде салафишіл болып жүргендердің 90 пайызы сыртта оқымаған. Олар елде жүріп-ақ кесірлі насихаттарға шырмалған.
Егер Әл-Азһар және тағы басқа да ірі әрі сенімді университеттерге студенттер жіберетін болсақ, оларды елшілік бақылауға алса, жатақханалар ұйымдастырылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан арнайы тәрбиешілер бекітілсе, онда ештеңеден қауіптенудің қажеті болмас еді. Өкінішке қарай, қазір мұндай мүмкіндіктер аз болып тұр. Мәселен, Мысырда оқып жүрген кейбір елдердің студенттеріне жақсы жағдай жасалған. Ол мемлекеттің студенттері жатақханамен қамтамасыз етілген. Онда арнайы бақылаушылар жұмыс істейді. Олар әлгі студенттерді қадағалап жүреді. Яғни, әлгі елдер өз студенттеріне басқа бір жат ағымдарға ілеспей, дұрыс білім алып қайтуларына оңды жағдай қарастырған. Ал біздің Мединеге барған жігіттер емін-еркін оқып жатыр. Оларды бірқатар елдердегі аз ғана ұстаздар бүлдіріп отыр.
– Елімізде халықты діни тұрғыдағы мәселелерде сөзіне ұйыта алатын, тақуалығымен үлгі болып, кері кеткендерді түзу жолға түсіруге тікелей әсер ететін бір ғұламаның немесе діни қайраткердің орны бос тұрғандай ма, қалай? Бұған не дейсіз?
– Еліміздің мұсылмандары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жүгінуі тиіс. Ел ішінде беделді ғұламалар, діни қайраткерлер болғаны абзал. Әр замандарда мұндай тұлғалардың өмір сүргені, қазіргі таңда да кейбір мемлекеттерде аса беделді діни қайраткерлердің бар екені белгілі. Мысалы, Өзбекстанда Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф деген кісі болды. Сол секілді беделді кісілер болса, қанеки. Мұның қоғамға оң әсері болады деп ойлаймын. Өкінішке қарай, бізде сондай діни тұлғалар қазіргі таңда тапшы. Осындай елеулі азаматтарды заманның өзі тудыратынын ескерсек, алдағы уақытта ондай жандар елімізде де шығып қалар.
Әйтсе де, аса беделді діни қайраткерлердің қоғамымызда болуына үркіп қарайтындар да бар. Неге десеңіз, діни көсемнің халыққа сөзі өтімді болады да, кейбір жағдайларға байланысты ол басқа бір жат бағытқа бет бұрса, бүкіл жұртты соңынан ілестіріп алып кетеді. Міне, осы жайтқа алаңдайтындар кездеседі. Қалай десек те, елге сөзі өтетін беделді тұлғалар өсіп шықса, одан ұтылмаймыз.
– Бізде діни ахуалдың жай-жапсарын қарастыратын, нанымды мәліметтер ұсына алатын әлеуметтік зерттеулер орталықтарының жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Өкінішке қарай, бізде бұл жағы ақсап тұр. Мемлекетімізде білікті, сенімді, ұстанымы дұрыс дінтанушы, әлеуметтанушы, саясаттанушы мамандардың көмегімен қоғамымыздағы діни ахуалға терең зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұл зерттеулерде діни, саяси-әлеуметтік салалар қоса қарастырылғаны дұрыс.
Қазіргі таңда, өкініштісі сол, аталған саладағы мәселелердің мәнісін зерттеп жүр дегендердің қатарында діни арнайы білімі жоқ, іштей салафизмді қолдайтын сарапшылар жеткілікті. Олар өздерін сарапшы ретінде таныстырып, елдің арасында салафизмді дамытуға, заңдастыруға, санаға сіңіруге әрекеттенуде. Сондайлар ғылыми немесе саяси зерттеулер орталығында отырып алып, жымысқы саясатын астыртын жүргізіп жатқан секілді. Олардың сөздерінің астарынан салафизмді жақтайтынын байқауға болады. Сондықтан еліміздегі діни ахуалға қатысты ғылыми-әлеуметтік зерттеулер жүргізетін орталықтарда жұмыс істейтін мамандарды іріктеуде Діни басқармамен кеңескен жөн.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»