Мәжілстің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров министрлерді шекаралық ауылдарға бірге баруға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз аймақтарға, шалғай село, шекара түбіндегі ауылдарға жиі барамыз. Шыны керек, бүгін сол жақтағы азаматтардың мұң-мүддесі, талап-тілектері көбіне естілмейді. Олар: «Қазақстан мемлекеті алыстап кеткендей», - деп отыр. Біз министрлермен ауыл-аймақ, шалғайдағы мекендерге бірге барайық. Әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, Білім, Экономика, Экология министрлерінің шалғайда жатқан біздің ағайын, туған-туыстың үнін естуі өте маңызды. «Құлақпен естіген – өтірік, көзбен көрген – шын» деген сөз бар», - деді Мәжіліс өкілі.
Сондай-ақ, депутат шенеуніктерге кабинеттен шығып, азаматтардың тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көруді ұсынды.
«Шалғайдағы ауылда интернет саласында, жол, оқу-ағарту саласында проблема шаш-етектен. Шенеуніктерге кабинеттен шығып, азаматтардың тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көруі өте маңызды. Үкімет мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар қарқынына ілесуге қабілетті болып, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға нақты қадамдар жасауы керек.
Үкімет халықтың кірісін арттыру бағдарламасын қабылдады. Ал шынына келсек, халықтың әл-ауқаты күннен-күнге төмендеп барады. Халықтың басым көпшілігі бұл бағдарлама жөнінде ештеңе естімеген, естісе де сенгілері келмейді. Сондықтан осынау маңызды, қажетті құжаттарға сенімсіздік пайда болады.
Менің нақты ұсынысым, алда депутаттардың өңірлерге сапары бар. Сол кезде министрлер кабинетінің өкілдерімен облыс, аудан, шалғай ауылдарға бірге барайық. Қазірден жоспарды бірге жасайық. Бұл саяси тұрғыдан да өте маңызды мәселе», - деді Ерлан Саиров.