ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау барысы қаралды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.
ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттік және коммуникациялық меншіктегі кәсіпорындар мен ірі компанияларды өткізу жоспары туралы баяндады, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ нысандарын жекешелендіру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Өз кезегінде, ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысандарын сатуды жылдамдату бойынша қолданылған шаралардың аралық нәтижелері және бекітілген кестелер аясындағы алдағы міндеттер туралы баяндады. 2016 жылдан бастап Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 221 нысан өткізілді, 189 нысан қайта құру немесе жою кезеңінде.
«Қолданылған шаралар жекешелендіру үдерісін жандандыруға мүмкіндік берді, және Кешенді жоспар нысандарының негізгі бөлігі (80% астамы) ағымдағы жылы өткізіледі. Жалпы, Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру бойынша іс-шараларды уақытылы және табысты орындау үшін барлық алғышарттар жасалған», - деді Б. Сұлтанов.
Отырыс аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Ө. Шүкеев, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Е. Досаев, «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Н. Мәлелов жекешелендіру барысы туралы баяндама жасады.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар мен холдингтердің басшыларына нысандарды сату кестесін сақтауды және оларды белгіленген мерзімдерде өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұдан өзге, Мемлекет басшысының мемлекеттік меншікте қалатын нысандар тізімін дайындау туралы тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты барынша қысқа мерзімде аяқтау қажет. Ұлттық экономика, қаржы және әділет министрліктеріне аталған тізімді бекіту мәселесін пысықтау керек.
Аталған тапсырмаларды орындауды бақылау ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.