Бүгін Үкіметінің отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев малмен күн көріп отырған ауыл халқына жүйелі қолдау көрсетуді тапсырды. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
«Негізінен ауылдың халқы - еңбекқор халық. Есігінің алдында бес-алты телім жерінде малы бар. Таң атқаннан, кеш батқанға дейін қыбырлап жұмысын жасайды. Сол себептен осы еңбегін ары қарай жалғастыру үшін оларға толығымен мүмкіндіктер беру керек. Ол біріншіден, қаржылай көмек, жаңа атап өттік, микронесиелер беріп, жұмыс орындарын ашу, қажетті малын қосымша сатып алу, инфрақұрылым жағынан көмек көрсету, өндірген өнімін ары қарай өңдеуші кәсіпорындарға жеткізу, яғни жан-жақты қолдау көрсету. Ұйымдастырушылық жағынан да көптеген көмектер қажет. Әкімдіктер тарапынан да едәуір көмек көрсетілу тиіс», - деді Үкімет басшысы.
Б.Сағынтаевтың айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту мақсатында салық мәселелерін шешу қажет.
«Салық саласынан көптеген кедергілер болатын болса, әрине, қойылған жоспар іске аспайды. Берілген тапсырма орындалмайды. Сол себептен Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, айтылып отырған мәселелердің барлығын біржақты шешімге келтіруі қажет. Кезінде АШМ тарапынан көп жұмыс жасалған болатын. Мысалы, әр өңірде өзінің маманданған салаларын жасау жөнінде. Әр өңірде қуаттың жүктемесі қаншалықты жұмыс істеп тұрғаны, қанша пайыз істеп тұр, оның барлығы бойынша мәліметтер жасалған, оны біз де, өңірдегі әкімдер де жақсы біледі, осыған байланысты бір жүйеге келтіру жұмысын жалғастыру қажет, Асқар Исабекұлы (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов) осы жұмысты өзіңіз қолға алып, бақылауды күшейтуді сұраймын», - деп тапсырды Премьер-Министр.
Айта кетейік, Үкімет отырысында ауыл халқын микронесиемен қамту және ауыл шаруашылық кооперативтерін құру жайы сөз болды.
Осылайша, әкімдіктер мақұлдаған жоспарларға сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін 150 ауыл шаруашылығы кооперативі ұйымдастырылады. Олар 100 сүт қабылдау пункттін және 2 мыңнан астам отбасылық бордақылау алаңын біріктіретін болады.
Бұдан бөлек, жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдауға бағытталған қаржылық құралдар мәселесі де көтерілді. Жаңа қаржылық құралдар ең алдымен, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, Ынтымақ - ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, Игілік - ауыл шаруашылығы малдарын өсіру, Бірлік - сүт қабылдау пункттерін құру, Береке - отбасылық бордақылау алаңдары.
Өз кезегінде, аталған мақсаттар үшін Үкімет бұған дейін 31,8 млрд. теңге қаражат бөлген еді.
«Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің микронесиелерге қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін ЖҚЖ-2020 бекіту бойынша Үкімет қаулысына бір мезетте берілетін несие мөлшерін 16 млн-ға арттыру және несиелендіру мерзімін 7 жылға дейін ұзартуды қарастыратын толықтырулар енгізілуде», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов.