02 мам, 2017 сағат 12:35

Сағынтаев: "Құдайды өз жүректеріңізден іздеңіздер, оны басқа еш жерден таппайсыздар"

Бүгін ҚР Үкіметі отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев 2017-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясаты тұжырымдамасының жобасын қарау барысында рухани-адамгершілік тәрбие мен қоғамда халық арасында радикалдық діни идеяларды таратуға жол бермеу жөніндегі жұмыстарды жандандыруды тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.  

Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен жақында өткен кездесуде жас буынның діни білімсіздігіне ерекше назар аударды, деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.  

ҚР премьер-министрі Қазақстанның поликонфессиялық мемлекет екенін және елімізде дін саласының мәселелеріне баса назар аударылатынын айтты. 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы қоғамдық сананың және жалпы қоғамның тұрақты әрі үйлесімді дамуын қамтамасыз етуі тиіс.

Осыған орай ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне өңірлермен бірлесіп, рухани-адамгершілік тәрбие мен қоғамда радикалдық діни идеяларды таратуға жол бермеу жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет. Бұдан өзге, аталған салада дұрыс тәрбиелік әрі ағартушылық жұмыстарды бірлесіп атқарып, конфессиялар арасындағы келісімді нығайтуға күш салу керек.

ҚР премьер-министрі "Құдайды өз жүректеріңізден іздеңіздер, оны басқа еш жерден таппайсыздар" деген даналық сөзді еске түсіріп өтті. Сол себепті де, аталған жұмысты жүргізе отырып, қоғамның басты міндеті әркімнің жүрегіне осы түсінікті жеткізу болып табылады.