02 қыр, 2020 сағат 19:36

Сағынтаев қосымша білім беру жұмыстары туралы айтты

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев балаларды қосымша біліммен толық қамту шаралары туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларына сәйкес Алматыда қаланың барлық балаларына қосымша білім беруді қамтамасыз ету міндеті шешіліп жатыр. 

«Қалада 17 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде Оқушылар сарайы, 7 аудандық оқушылар үйі, өнер мектебі, 8 музыкалық мектеп бар, онда 1329 түрлі үйірмелер мен секциялар тегін жұмыс істейді. Сондай-ақ, Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша келер жылы Алатау және Наурызбай аудандарында Оқушылар сарайларының құрылысын бастау жоспарланған. Алатау ауданында 5 спорттық-сауықтыру кешені, теннис орталығы салынады. Жетісу ауданында шығыс жекпе-жегінің 4 спорт кешені салынды, онда балалар тегін жаттығулар жасайды. Сонымен қатар, мемлекеттік жекелік әріптестік аясында жеке инвестициялар есебінен 12 мектептің спорт алаңдары қайта жаңғыртылды. Мәдениет саласында Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің 10 салалық кітапханасы жаңарды. Балалардың қосымша білім алуы үшін мемлекеттік тапсырысты тек мемлекеттік ұйымдарда ғана емес, сонымен қатар жекеменшік мектептер де алатын болады», - деді Б. Сағынтаев Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде.

Қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере отырып, қала әкімі Жетісу ауданы Айнабұлақ-2 елді мекеніндегі «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік клубының жобасы туралы айтты. Бұл жобаның ауқымы кеңейтіліп, басқа аудандарда осындай тағы үш клуб ашылатын болады.

«Осы ұсыныспен Үкіметке шығатын боламыз. Басқа да жобалар ойда бар. Мысалы бұрынғы педагог мамандар, зейнеткерлер балаларды қосымша оқытатын болады. Жетісу ауданында ашылған домбыра сыныбы жеткіліксіз. Осы сияқты бастаманы басқа аудан әкімдеріне де тапсырдым. Консерватория түлектерін шақырып, кәсіпкерлерді тартып, дамытуға ынталы болу керек. Оқытушы боп келген жас мамандарға жағдай жасау керек. Тек домбыра ғана емес, спорт алаңдары тағы басқа жобалар керек. Балаларды бос жіберіп коймасақ, жасөспірімдер арасында заңбұзушылық төмен болады», - деді әкім.