Қазақстан Республикасы кедендік әкімшілендіру жұмыстарының жеткіліксіз екенін бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Бұл туралы бүгін Еревандағы ЕҮАК-нің кезекті отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2016 жылы Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің кедендік қызметтерінің бірлескен алқасында, Еуразия экономикалық комиссиясы кеңесінің отырысында және Еуразия үкіметаралық кеңесі аясында Қазақстан Республикасы нақты кедендік құнды анықтауға қатысты кедендік әкімшілендірудің жеткіліксіз екенін бірнеше рет көтерді. Нәтижесінде, ЕЭК кеңесінің тапсырмасымен 2017 жылдың 3 наурызында ЕАЭО мүше мемлекеттерге ҚХР-дан жеткізілетін тауарлардың кедендік мағлұмдалуын бақылау бойынша жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің кедендік қызметтерінің бірлескен алқасының шешімі аясында ЕАЭО кедендік аумағына кіргізілетін тауарлардың кедендік құнын бақылау тәжірибесін біркелкі ету тапсырылды», - деп атап өтті Премьер-Министр.
Одан бөлек, Б. Сағынтаевтың хабарлауынша, Қырғызстанға және Қазақстанға Қытайдың дұрыс декларацияланбаған тауарларын жеткізудің жолын кесу мақсатында 2017 жылдың 5 маусымында ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті мен Қырғыз Республикасы үкіметі жанындағы мемлекеттік кедендік қызмет арасында жедел-алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірлескен іс-әрекет жоспарына қол қойылды. Алайда, жүргізілген жұмыстардан тиісті нәтиже шықпаған, оған себеп - қырғыз тарапының жоспарланған шараларды атқармауы.
Салдарынан, Қырғызстанға Қазақстаннан, Ресейден және Беларусьтен тауар импорты көлемі бойынша, кеден салықтары бойынша ЕАЭО 3 жылдағы одақтық бюджетінің шығын сомасы шамамен 828 миллион АҚШ долларын құрады.
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Қырғызстанға импорттық тауар ағынынан ЕАЭО елдері шығынға батып отыр. Атап айтқанда, үш елдің ҚҚС шығынының жалпы көлемі 1 миллиард 870 миллион АҚШ долларын құраған. Оның ішінде, Қазақстан бойынша - 152 миллион, РФ - 1 632 миллион, Беларусь бойынша - 85 миллион АҚШ доллары.
Қосымша құн салығына кедендік баж бойынша, ЕАЭО елдерінің үш жылдағы шығын көлемі - 2 миллиард 687,7 миллион АҚШ долларын құрады. Оның ішінде Қазақстан шығыны - 212 миллион, РФ - 2,5 миллиард және Беларусь - 123 миллион АҚШ доллары.
Сағынтаев Қырғызстан мен ҚХР-дың өзара сауда-саттығына қатысты мәліметтер сәйкес келмейтінін нақты дәлелдермен келтіріп өтті.
«Қытай тарапының сыртқы саудаға қатысты статистика мәліметіне сүйенсек, Қытайдан Қырғызстанға 2015 жылы 4,3 млрд АҚШ долларының тауары экпортталған. Ал Қырғызстанның статистикалық мәліметі Қытайдан келген импорттың мөлшерін 1 млрд АҚШ долларына тең деп отыр. Айырмашышылық - 3,3 млрд АҚШ доллары. 2016 жылы Қытайдың мәліметі бойынша экспорт 5,6 млрд АҚШ долларын көрсетсе, қырғыз тарапы импорттың мөлшерін 1,5 млрд АҚШ доллары деген мәліметті келтіреді. Айырмашылық, өздеріңіз көріп отырғандай, 4,1 млрд АҚШ доллары», - дейді ҚР Премьер-Министрі.
«Жеке тауарлар импортының сараптамасы адам басына шаққандағы тауар тасымалының Қырғызстанға мөлшерсіз артып кеткенін көрсетеді. Мәселен, Қытайдан 2016 жылы Қырғызстанға 7710 тонна киім әкелінген. Салыстырып қарасақ, Қытайдан Ресейге 4260 тонна, Қазақстанға 327 тонна киім экспортталған. Бұған қоса, адам санына шаққандағы санат бойынша Қытайдан Қырғызстандағы 1 адамға 1,3 келі киім, Ресейдегі 1 адамға 0,03 келі, Қазақстандағы 1 адамға 0,02 келі киім әкелінгенін көрсетіп отыр. Осылайша, Қырғызстанға Қытайдан Қазақстанға қарағанда 65 есе, Ресейге қарағанда 43 есе көп киім әкелінеді», - деді Бақытжан Сағынтаев Ереванда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында.
ҚР Премьер-министрі сонымен бірге, Қырғызстанға Қытайдан әкелінетін аяқ киімдердің мөлшері 46,6 мың тонна немесе қалыптан 3 есеге көп екенін жеткізді. Оның айтуынша, 2016 жылы Аспанасты елінен Қырғызстанға аяқ киімдердің 2015 жылы 23 543 тоннасы, 2016 жылы 70 144 тоннасы әкелінген.
«Демек, Қытайдан Қырғызстанға әрбір адамға шаққанда (балаларды қосқанда) 15 жұп аяқ киімнен жеткізілген. Сонымен қатар, жеміс-жидектерге қатысты аталған көрсеткіш 1-ден 17 пайызға дейінгі өсімді көрсеткен. Кедендік бағаға қатысты салыстыру жұмыстары Қырғызстанда тауардың кедендік бағасы Қазақстанмен салыстырғанда айтарлықтай төмендетілгенін көрсетіп отыр. Мәселен, әйелдердің аяқ киімі бойынша кедендік баға Қырғызстанда Қазақстанға қарағанда 10,5 есеге, әйелдер жейдесі, жапқыштар бойынша кедендік баға 7 есеге аз. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады», - дейді Бақытжан Сағынтаев.
«Биыл 10 қазанда қазыналық әкімшілендіруді күшейту бойынша Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар кедендік-салықтық заңнамалардың бұзылғанын дәлелдеді. Бұл туралы Астанада өткен кездесуде Сапар Жұмақадырұлына (Қырғызстан Премьер-Министрі Исаков - ред.) айтқан болатынбыз. Аталған кездесу нәтижелері бойынша, вице-премьер жетекшілігімен жұмыс тобы құрылды. 19 қазан күні 00:00-де жеке тұлғалардың, көлік құралдарының, тұрақты автобустардың еркін қозғалысына рұқсат берілді. Осылайша, біз шекарада жүріп жатқан жұмыстардың Қырғызстанға арнайы бағытталмағанын айтқымыз келеді. Бұл туралы бұрыннан айтып келеміз және тексеру барысында бұған дейін айтылған заң бұзушылықтарға толық көз жеткіздік», - деп, Үкімет басшысы өз сөзін қорытындылады.
Айта кетейік, бүгін Ереванда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Армения, Қырғызстан, Ресей және Беларусь елдерінің үкімет басшыларының қатысуымен өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты. Онда ҚР Премьер-Министрі Қырғызстанмен шекарадағы бақылауды күшейту шараларына түсініктеме берді.