07 нау, 2017 сағат 15:53

Сағынтаев: ЕАЭО аясында кедергілер мен шектеулерді жоюға бағытталған Жол картасы әзірленеді

ЕАЭО аясында кедергілер мен шектеулерді жоюға бағытталған Жол картасы әзірленеді. Бүгін Бішкекте ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінде осылай мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" pm.kz сайтына сілтеме жасап.

Сөз барысында Қазақстан Үкіметінің басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың екі жылдан астам уақытта тиімді интеграциялық бірлестік ретінде орныққанын атап өтті.

«Дегенмен бұл жылдар біздің елдеріміз үшін оңай болған жоқ. Сыртқы қозғаушы күштердің ықпалы, жаһандық қаржылық және тауар нарықтарының тұрақсыздығы байқалды. Осыған орай, Одақтың ЖІӨ көлемі 0,7%-ға төмендеді. Біздің өзара сауда айналымымыз 11%-ға азайды. Осындай кезеңде өзара іс-қимылды нығайту, елдер арасындағы сауданы дамытудың жаңа тиімді құралдарын қалыптыстыру бойынша ортақ күш-жігерді шоғырландыру маңызды», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Үкімет басшысының айтуынша, бұл бағыттағы маңызды мәселе  кедергілер мен шектеулерді жою болып табылады.

«Бұл жұмысты жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізген жөн. Аталған бағытта мемлекеттердің сарапшылары мен комиссия едәуір жұмыстар атқарды. 60-тан астам кедергілер мен шектеулердің тізілімі үйлестірілді. Алдағы уақытта оларды жоюға байланысты Жол карталары әзірленетін болады. Бұл біздің кәсіпорындарымызға ортақ нарықтарға шығу жолын жеңілдетіп, сонымен қатар олардың дамуына қосымша жағдайлар жасайды», - деді Қазақстан Үкіметінің басшысы.