27 қыр, 2016 сағат 09:57

Сағынтаев баспанаға кезекке тұрғандар легінің артуына алаңдаушылық танытты

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев баспанаға кезекте тұрғандар легінің соңғы 3 жылда 2,5 есе артуына алаңдаушылық танытты. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

«Қуандық Уәлиханұлы (ҚР Ұлттық экономик министрі) менде бір сауал бар. Статистикаға қарасақ, соңғы 2-3 жылда кезекке тұрушылардың саны күрт өсіп кетіпті. Мәселен, 2013 жылдан бастап алсақ, 3 жылдың ішінде  біздегі өсім 2,5 есе болып отыр. Бұл мәселеде қандай да бір түгендеу жүргізіле ме әлде бәрін тіркей береміз бе? Бір адам бірнеше қалада кезекте тұруы мүмкін ғой», - деп сұрады Үкімет басшысы министрден.

«Бізде кезекке қою тетіктері «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда қарастырылған. Шынымен де кезекке тұра алатын азаматтар санаты бізде өте көп. Азаматтардың алатын табыстарының деңгейіне қарай бөлу жоқ. Заңға белгілі бір жаңғырту жүргізу талап етіледі. Бұған қоса, өсімнің артуына соңғы уақытта мемлекеттің тұрғын үй құрылысына баса назар аударуы да түрткі болып отыр», - деді ол.

Министр бүгінде елімізде жалға берілетін және сатылатын үйлердің көптеп салынып жатқандығын атап өтті.

«Соған сәйкес, өзіңіз де Тұрғынүйжинақбанкі салымшыларының  статистикасынан   көріп отырғаныңыздай, 2 жылда 34 пайызға  өсім бар. Дәл осындай жайт кезекке де байланысты туындауда. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бұл мәселелердің барлығын шешеміз. Бұған қоса, шын мәнінде әлеуметтік баспанаға  мұқтаж азаматтар оған үміткер бола алатындай заңнамаға бастамалар да көтереміз», - деді Қ.Бишімбаев.