19 қар, 2020 сағат 14:10

Сағынтаев бас дәрігерлерге COVID-19-пен күресуге дайындықты күшейтуді тапсырды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен қаланың қоғамдық денсаулық басқармасының алқа кеңесі өтті. Жиында 9 айда денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындысы қаралды және COVID-19-бен күресті күшейту бойынша міндеттер қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кеңестің жұмысына білім және спорт басқармасы, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы», «СҚ Фармация» филиалы, мемлекеттік және жеке медициналық мекемелердің басшылары қатысты.

«Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» Алматы қаласы филиалының директоры Г.Ысқақованың айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның негізгі көрсеткіштері жүзеге асырылған. 

«100 мың адамға шаққанда 25,3 оқиғаны құрайтын туберкулез ауруы 30%-ға төмендеді. Жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітім екі есеге жуық азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 5,83 оқиға тіркелді», – деді ол. 

Оның айтуынша, Алматыда науқастардың медициналық көмектің сапасына қанағаттануы 51,6% болған. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,5% -ға жоғары. Ол бұқараны дене шынықтырумен және спортпен жаппай қамту, ана өлімінің деңгейін төмендету, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін жұмысты барынша күшейту қажеттігін атап өтті.

Алматыда 74 мемлекеттік медициналық ұйым, 13 республикалық және ӘМСҚ-мен келісімі бойынша 89 жеке ұйым халыққа медициналық қызметті көрсетеді. Онда 8 319 дәрігер мен 14 613 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.

Өз кезегінде, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Алматы қаласы филиалының басшысы Тілеухан Әбілдаев қалалық денсаулық сақтау субъектілері мен қор арасындағы келісімшарт міндеттемелерінің орындалғаны туралы хабарлады.

Алматының қалалық денсаулық басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ж. Мадеева бас дәрігерлердің науқастарды ерте анықтау мен емдеудегі жұмысын бағалаудың нәтижесі және медициналық мекемелерді КВИ пандемиясының екінші толқынына дайындау бойынша қабылданған шара туралы баяндады.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ауруханалар мен емханаларды пандемиямен күреске дайындау жөніндегі іс-шара жоспарының орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Вирустың таралуын болдырмау үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптың сақталуына және персонал мен науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. 

Сонымен бірге, қала әкімі медициналық мекемелердің бірінші басшысының біліктілігін арттыру, менеджерлік шеберлік пен цифрлық сауаттылықты дамыту қажеттілігіне назар аударды.