Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде коронавирустан амбулаториялық ем алып жатқан қалалықтарды өзін оқшаулау ережесін сақтауға және адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімінің айтуынша, мұндай жауапсыздыққа жол беруге болмайды, өйткені бұл қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіреді.
«Адам симптомсыз ауруы мүмкін әрі ол вирустың тасымалдаушысы барлық қалалықтардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаулары тиіс. Бүгінгі күні телемедицина орталығының бақылауында 2306 науқас үйде жатыр, олардың 291-і симптомсыз, 1970-і жеңіл және 45-і орташа ауыр дәрежеде», - дейді ол.
Алматының санитарлық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, 28 маусым мен 1 шілде аралығында Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандарына кіре берістегі сканерлеу нәтижесінде 28 тұрғынның «қызыл» мәртебесі, 9 адамнан «сары» мәртебесі расталды. Анықталғанындай, олар фитнес-орталықтарға, бассейндерге, кинотеатрларға, кафелер мен мейрамханаларға кіруге тырысқан.
«Қалада Ashyq жобасына 2331 қатысушы бар. Айтпақшы, жобаға қатысу ережелерінің сақталуы тұрақты түрде бақыланады.Ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап жүргізілген рейдтер барысында мониторингілік топтар Ashyq жобасында жұмыс істейтін 125 кәсіпкерлік субъектілері бойынша шектеулі карантиндік талаптардың бұзылуын анықтады», - дейді Алматы әкімі.
Өткен аптада коронавирус жұқтырғандар саны 1,7 есеге өсті, соңғы тәулікте 299 алматылықтан коронавирус анықталды. Тәуліктік өсім 0,3%-ды құрады.
«Инфекциялық стационарларда 1131 адам (80 бала) емделуде, оның 33-і өте ауыр, 256-сы ауыр, 842-і орташа ауырлық дәрежесінде. Реанимация және интенсивті терапия бөлімдерінде барлығы 102 адам бар. Оның 19 өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Инвазивті емес ӨЖЖ – 34, High flow аппаратында – 22», - деп қосты Бақытжан Сағынтаев.
