18 қаз, 2019 сағат 18:12

Сағынтаев Алматыдағы LRT құрылысы туралы айтты

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы LRT құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«LRT-ға қатысты. Бір әкім қалайды, екінші әкім қаламайды деген әңгіме болмасын. Ненің есебінен құру қажеттігін әр әкімнің өзі шешеді. Осыны түсіну керек. Менің осында келгелі бірінші ісім LRT қанша тұрады, оған қажетті ақшаны қайдан аламыз деген сұрақ болды. Маңызды мәселе. Қала бюджетінде ондай ақша жоқ. Біз Үкіметке жүгіндік: ақша беріңіздер, біз келер жылы құрылысты бастаймыз дедік. Бірақ осы жобаның қаржы моделі бізге жүрмейді. Жұмыс істеп жатырмыз. Қомақты қаржы – алғашқы жылдың өзінде 60 млрд құю керек. Оны қаланың қай түкпірінен аламыз? Сондықтан бұл жерде Сағынтаев келді де, LRT керек емес деп айтты деген көзқарас тұрғысынан қарамау керек. Мен басқа тұстан қараймын. LRT болғанын мен де қалаймын, бірақ оны қаланың қаражатына салмаймын. Мұндай нәрселер республиканың есебінен салынады. Міне, жолайрықтың бәрі Үкіметтің есебінен салынып жатыр», - деді қала әкімі жұртшылықпен кездесуде.

Айта кетейік, кездесуде сарапшылар мен қоғам белсенділері мегаполистің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын талқылады. Шарада белсенді Аида Әлжанова экологиялық көлік деп LRT тақырыбын көтерген болатын.