Алматыда эпидемиологиялық жағдай күрделі. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфир барысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, мегаполистегі эпидемиологиялық ахуал ағымдағы жылдың 18 маусымында СЭБД мамандары тіркеген «дельта» штаммының таралуына байланысты күрделене түсуде.
«Коронавирустың мутацияланған штамдарын зерттеу жалғасуда. 1 шілдедегі зерттеулер нәтижесі бойынша коронавирус науқастарынан алынған 88 сынаманың нұсқалары анықталды, 67 сынамада «дельта» (76%), 14-інде (16%) «альфа» (британдық), 2-уінде неден пайда болғаны белгісіз, 3 нәтиже теріс (3,4%), 1-інде (1,1%) COVID-19 (уханьдық). Ал 3 шілдеден бастап жүргізілген зерттеулер алынған 45 сынаманың нұсқалары мынаны көрсетті, 35-інде «дельта»(78%) , 6-да (13%) «альфа» (британдық) және тек 1-уінде (2,2%) COVID -19 (уханьдық) штаммдары анықталды.
Сонымен қатар, ол симптомды науқастар саны арта түскенін тілге тиек етті. Соңғы 7 күнде алдыңғы 7 күнмен салыстырғанда 1,5 есе өсіп отыр.
«Дельта» нұсқасының айналымы 46%-дан 73%-ға дейін жылдам, бұл коронавирустың ауыр клиникалық көріністеріне апарады.
«Соңғы 2 аптадағы жас құрылымын талдау балалар мен жастарға «Дельта» штамының тез жұғатынын көрсетті. Мәселен, 1 жасқа дейінгі науқас балалардың үлесі салмағы 0,7% - 2,8% дейін өсті; 14 жасқа дейінгі балалар 0,4% - 15,0% дейін; 15 - 19 жас аралығындағы жасөспірімдер - 0,8% - 5,2% дейін және 40 - 59 жастағы азаматтар - 1,5% - 24,7%»,- дейді қала әкімі.
Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарын балалар мен жасөспірімдердің жағдайына ерекше назар аударуға шақырды. Олардың адам көп шоғырланған жерге баруын шектеуі тиіс.
Орта жастағы адамдар санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтауды күшейткені жөн.
