06 нау, 2017 сағат 15:19

Сағадиевке қарсы ашық хат жазған академиктер қандай құжатқа қол қойғандарын білмейді - БҒМ

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Білім жəне ғылым министрлігінің өкілдері «Қазақ тілі» мен «Қазақ əдебиеті» пəндері жалпы жіктеуіштен алынбағанын ресми мəлімдеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Білім вице-министрі Эльмира Суханбердиева өткен сенбіден жексенбіге қараған түні министрліктің сайтына шабуыл жасалған айтты. Сонымен қатар, ол жіктеуіш құжаттың өзгергені туралы ақпараттың жалған екенін ресми мəлімдеді.

Жоғары жəне жоғары оқудан кейінгі жіктеуіштен «Қазақ тілі» жəне «Қазақ əдебиеті» пəндері жойылды деген ақпарат шыққан соң, бір топ академиктер Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына ашық хат жолдаған еді. Білім министрлігінің Жоғары жəне жоғары оқудан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки ол академиктер қандай мəтінді ашық хатқа қол қойғанын түсінбеуі де мүмкін дейді.

«Қазір Қазақстанда жалғыз заңды түрде бекітілген құжат бар. Ол - жоғарғы оқу жəне жоғарғы оқудан кейінгі жіктеуіш. Осы құжат  2009 жылы бекітілген, содан бері өзгерген жоқ. Осы мамандықтарға байланысты кейін мемлекеттік гранттар бөлінеді, ал, қазір «Қазақ тілі» жəне «Қазақ əдебиет» пəндері бойынша жеті мыңнан аса маман оқып жатыр. Оның ішінде екі мыңнан астамы грантта. Жалпы, биыл да, келешекте де ол бағытта өзгерістер болады деп көздеп отырған жоқпыз», - деді департамент директоры.

«Əрине, менің ойымша қол қойған кезде ол академиктерге де белгілі ақпаратты дұрыс жеткізбеген шығар. Сондықтан, өкінішке қарай, ол кісілер білмей қол қойған. Ал, ашық хаттың ішінде айтылғандай «Қазақстандағы мамандықтардың арасынан қазақ тілі сабағы кетті» деген ақпарат шындыққа жанаспайды», - деді ол.