Ерлан Сағадиевтің Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі лауазымына тағайындалғанына 1 жыл толды. Осы бір жыл ішінде білім жүйесінде нендей жұмыстар істелді және алда қандай жоспарлар бар? Министр бұл сауалдарға өзі жауап берді.
Бірінші, бұл – жаңарған ҰБТ
Мұны ата-ана да, оқушылар да күтті. Жаман өтіп жатқан жоқ. Нәтижесінде, 2016 жылы жоғары білім алу мүмкіндігін қосымша 17 мың бала алып отыр. Тұтастай алғанда, біз жоғары білім алу мүмкіндігін жеңілдету керек деп ойлаймыз және солай істеліп те жатыр. «Экономика 3.0» негізгі қозғалтқыш күші – бұл жоғары білімді адам.
Айтпақшы, ҰБТ туралы алаңдамауға да болады. 1 ақпаннан бастап байқау тестілеуді үйде онлайн отырып та тапсыруға болады. Қосымша біз байқау тестілеуді мектептерде өткізу үшін 300 мың брошюра басып шығардық, қажет болса, тағы 500 мыңын шығарамыз. Яғни, әрбір бала ҰБТ-ға дейін бірнеше рет байқау тесттерін тапсыра алады.
Биыл грант саны бакалаврлар үшін 31 мыңнан 36 мыңға дейін өсті. Магистранттар үшін – 7 мыңнан 10 мыңға дейін, докторанттарға – 1 100. Жақсы өсім, бұған қоса біз аймақ әкімдерінен жергілікті ЖОО-ға өздерінің гранттарын бөлуді сұраймыз.
Бұл жұмыс жоғары және техникалық білімнің сапасы көтерілмей, ойдағыдай болмайтынын түсінеміз. Біз менеджменттен бастауды, нақтырақ айтқанда, менеджментке қоғамдық бақылау жүргізуден бастауды жөн көрдік. Қазақстанның мемлекеттік жоғары оқу орындарында әкімдіктер, бизнес, БҒМ және қоғам өкілдерінен Бақылау кеңестері құрылып жатыр. Олар қаржы, академиялық стратегияны және кадрды бақылауға алады. Қазақстанда алғаш рет мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары Бақылау кеңестерінің таңдауымен сайланатын болды. Бүгінде 5 ректордың сайлауы өтті. Бірінші жартыжылдықта бұл рәсімнен тағы 6 ректор өтпек.
Келесі міндет – ішкі аудит, корпоративтік хатшылар қызметін құру. Үш ЖОО-ның Бақылау кеңестерінің мүшесі ретіндегі жеке тәжірибем көрсеткендей, бұл шаралар нақты нәтиже береді. ЖОО-лардың стратегиялары өзгеріп жатыр. Бұрын олар жиі формальды түрде әзірленіп, БҒМ қаржысына тәуелді болатын, оларды ешкім оқымады десе де болады. Ал қазіргі таңда, бастысы, бұл – нарықтағы ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілік – бұл талапкерлер үшін күрес, жаңа методикалар және бағдарламалар, ЖОО бренді. Мұның барлығы бірте-бірте жай сөз емес екенін көрсетіп жатыр. Процесс әлі де болса баяу жылжыса да, бірден-бір дұрыс жол осы деп білемін.
Қоғам алдындағы зор жауапкершілік туралы айтпаса да түсінікті. Жоғары оқу орындарындағы академиялық еркіндік, қаржылық дербестік, бастамашылық – министрліктің емес, қоғамның жіті бақылауында болғанда ғана мүмкін болмақ. Бұл өзгерістерді ендіруге былтыр біршама уақыт жұмсадық. Бүгін бұл жұмыс басталып кетті.
Бастысы – жаңартылған мазмұнға өту
Жаңартылған мазмұнның мәні – функционалды сауаттылық – оны біліп қана емес, меңгеру қажет. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) 35 мемлекеті мұны 15 жыл бұрын іске асыра бастаған. Бұған қоса, жаңа бағалау жүйесін құрып, 2000 жылдан бастап өзара бәсекелесуде. Бүгінде ақпарат көлемі екі жыл сайын еселеніп отырады. Мысал үшін, 17 ғасыр тұрғынының бүкіл өмір бойы жинаған ақпарат көлемін біздің замандастар екі-ақ айда алады. ғасырлар бойы мамандықтар 5 жыл ішінде бірте-бірте жойыла береді. ЭЫДҰ елдері осыны 20 жыл бұрын түсініп қойған. Біз жаңартылған мазмұнды енгізуді кешірек бастасақ та, 4 жылда бұл мәселені шешуге тиіспіз.
Былтыр жаңартылған мазмұндағы бағдарламалар бойынша 1-сыныптар оқытыла бастаса, биыл кезек 2, 5, 7-сынып оқушыларына келді. Бұл тұста айта кетерлігі – мұғалімдерді даярлауда да көп жұмыс бар. Былтыр жазда 74 мың мұғалім қайта оқытылғанын көпшілік біледі. Бүгінде бұл жұмысты оқу жылы бойна жалғастырып жатырмыз. Биылғы жазда тағы 75 мың ұстаз оқытылмақ. Бұған қоса 5 күндік оқу аптасына көшу үдерісі жүреді.
Базалық оқулықтардың маңызы туралы да айта кеткен артық болмайды. Бұл оқулықтардың авторлық құқығы мемлекетке тиесілі екендігін айтып жүрміз. Бұл – өте маңызды. Оқулықтарды 1-сыныпқа жасалғандай онлайнға салу мүмкіндігі пайда болады.
Келесі маңызды мәселе – үй тапсырмаларының көлемі. Ауқымды халықаралық сараптама мәліметтері бойынша, біздің оқушылар үй тапсырмасын орындауға жұмсайтын уақыт көлемі жағынан 65 мемлекет ішінде 4-орын алып отыр. Дегенмен, халықаралық сарапшылар үй тапсырмасы көлемінің балаларымыздың білім алуда табысты болуына ықпал етпейтінін алға тартып отыр. Сол себепті де үй тапсырмасының көлемін қысқартуға негіз бар. Осы мәселе бойынша мұғалімдер мен мамандардан құралған екі ірі топ жұмыс істеді. Олардың еңбектері үшін рахмет айта кеткім келеді. Үй тапсырмаларын ұйымдастыру және орындау жөнінде методикалық ұсынымдардың екі нұсқасы дайындалды. Біріншісінде үй тапсырмасы барлық пән бойынша, бірақ аз көлемде берілу ұсынылса, екіншісінді үй тапсырмасының барлық пәннен берілмеуі ұсынылды. Екі нұсқа бойынша да үй тапсырмасы бір күнде орташа 1 сағатқа қысқарып, демалыс күндеріне берілмейді. Бүгінде бұл ұсынымдар ата-аналар мен педагогтардың талқылауына берілді.
Электронды күнделік туралы жеке айтқым келеді. Бұл жүйе былтыр 4000 мектепке енгізілді. Онлайн күнделік жүйесі 166 мың мұғалімді (ұстаздар санының жартысынан көбі), 1,3 миллион оқушыны – бұл да жартысына жуық және 747 мың ата-ананы қамтып отыр. Бүгінде аптасына 20 миллионнан астам баға онлайн түрде қойылып, үй тапсырмасы бойынша 7 млн-нан аса сұраныс түскен. Яғни, жыл аяғына дейін шынайы цифрға жүгіне аламыз. Бұның бәрі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үдерісі аясында жасалып, оған мемлекет тарапынан бір тиын да жұмсамайды.
Бүгінде көбінесе дәл осы «Күнделік» неге қабылданды деген сұрақ қойылады. Өйткені, олар мемлекетке, ата-ана мен балаларға тегін қызмет көрсетуді бірінші болып ұсынды. Иә, олар балалар тауарларын жарнамалайды, бірақ жүйенің жұмысын жүргізу үшін оларға да табыс көзі керек қой.
Қағазбастылықтан қалай құтыламыз?
Тағы бір проблеманы шешу қажеттілігі туралы бірер сөз айтудың реті келіп тұр. Бұл – мұғалімдердің қаптаған тексерушілердің алдындағы қорқынышы. Осы қорқыныш оларды қағаз журналды да, электронды журналды да қатар жүргізуге мәжбүрлеуде.
Мектеп директорымен арада болған әңгімені келтірейін:
– Сіз неге электронды және қағаз журналды қатар жүргізесіз?
– Бұл деген ақша ғой. Ертең тексерушілер келеді, сол үшін барлығы қағаз жүзінде болуы керек.
– Ал егер қағаз журналдың қолданылуына тыйым салсақ ше?
– Бәрібір де, түнде болса да толтыруға тура келеді...
Бүгінгі басты міндет – бұл прокуратура, Білім және ғылым, сондай-ақ, қаржы министрліктері бірігіп, ортақ бұйрық шығарып, заң алдында электронды және қағаз журналдарын теңестіру. Бұл туралы барлық тексерушілерге жеткізіп, педагогтардың қорқыныштарын жою.
Екінші проблема – әр мектепте, әр сыныпта Интернеттің болмауы. Бұны тез арада шешу қажет. Сол себепті де Президент атап өткен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша мектептер алдыңғы кезекте тұр. Біз жазда Интернеті бар әр сыныпқа Wi-Fi орнатуымыз керек. Бұл іске жазғы практика шеңберінде студенттерді іске тартуға болады, қалай болғанда да біз бұл проблеманы шешуді қолға алмақпыз.
Үшінші мәселе – компьютерлердің тапшылығы. Биыл 11 мыңнан аса «үштік» сатып аламыз – бұл компьютер, проектор және экран. Алдымен ауылдық мектептерді жабдықтаймыз. Былтыр біз 7 300 компьютер жиынтығын алсақ, келесі жылы, яғни 2018 ж. 12 000 «үштік» алуды жоспарлап отырмыз. Түптің түбінде ең шалғайдағы ауылдарды электронды күнделікті пайдалану мүмкіндігімен, барлық пән бойынша үздік бейнесабақтармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Бүгінде бізде балалар үшін үш тілде 50 мың бейнесабақ жинақталған. Мұғалімдерге арналған бейнесабақтар үлгілері де баршылық. Бұл да айтарлықтай көп күш жұмсалған іс болды. Бірақ, бастысы, жұмыс істеп кетті.
Есеп беру мәселесіне келейік. Мұғалім бүгінгі таңда министрлік, әкімдік, өрт сөндіру, СЭС, полиция, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау салаларының және тағы да басқа мекемелерге 100-ден аса есеп толтырады екен. Және ол есептер түрленіп, қайта-қайта көшіріледі. Министрлік тек үш жүйені ғана қалдыруды мақсат етіп отыр: Ұлттық білім беру деректер қоры (ҰББДҚ), электронды журнал («Күнделік») және бухгалтерлік есеп. Мектептер бұлардан басқа ешқандай есеп толтырмаулары керек. ҰББДҚ жылына екі рет қана толтырылады, Күнделік – ағымдағы үлгерім үшін қажет, ал бухгалтерлік есеп ол есепшілер үшін ғана.
Ол үшін не қажет: а) ҰББДҚ-ға барлық қызметке ең қажетті деген ақпараттарды ғана енгізу, бұл жұмыстар былтыр істелді де, ә) мектептен жүйеге қатысы жоқ ақпаратты сұратуға тыйым салынбақ. Алайда, бұл үшін заңға өзгертулер енгізу қажет. Бұл жұмыстарды да қолға алып отырмыз, б) бұдан ары барлық жерге Интернет орнату. Бұлар – биылғы міндеттер.
Мұғалімдер міндетіне жатпайтын жұмыстарға «жегілмейді»
Тағы бір маңызды мәселе – бұл мұғалімдерді міндеттері аясына кірмейтін жұмыстарға тартуға тыйым салмақпыз. Бүгінде олар медициналық анализдер жинап, «Оңай» карточкаларын тарату сынды жұмыстарды істейді, үй-үйді аралап жүр... Заң тарапынан бұған тыйым салған. Біз алдымен бұл сұрақты ведомствоаралық деңгейде көтеріп, сондай-ақ, құжат жүзінде бәрін реттеп, мәселені түпкілікті шешу жолын таппақ ниеттеміз. Алдағы үш айда мұғалімдердің міндеттен тыс шаруаларға алаңдамауына қатысты қатал тәртібін белгілеп, біріккен ереже бекітуді жоспарлап отырмыз.
Биылғы бірінші жартыжылдыққа қойып отырған тағы бір ауқымды міндетіміз – ол мектептердегі ақша жинау мәселесін шешу. Алдымен анықтап алатын нәрсе – әр нәрсені сылтауратып ақша жинау бар да, ерікті түрде ақша жинау деген бар. Өйткені, кейбіреулер мектепке болсын, басқа да оқу орнына болсын демеушілік танытуы мүмкін. Осылардың ара-жігін ажыратып алған жөн.
Жалпы, қоғам тарапынан мектепке көмек беріліп жатса, жаман емес. Демеушілік танытқан атымтай жомартты қоғам білуі тиіс. Қаражаттың қандай мөлшерде түсіп, нендей мақсаттарға бағытталатынын ашық көрсететін, әрбір қадамы реттелген ереже қабылдап, оның қадағалануын мектеп директоры емес, қоғамға (мектептің қоғамдық кеңесі) тапсырылуы тиіс деп білеміз. Осы көкейтесті мәселенің бәрі министрлікте құрылған жұмыс топтарында біраз уақыттан бері қарастырылып жатыр. Осы жұмыс топтарына ел өңірлерінен тартылған мектеп директорлары, мұғалімдер, ата-аналар бүкіл қауымдастықтың талап-тілектерін жеткізіп отыр. Түптеп келгенде, қазіргі таңда барлық тәсіл анықталды, тек шешім шығарылып, оны мектептерге жеткізу ғана қалып отыр. Бұған 2-3 ай уақыт кетеді.
Алдағы уақытта мектептерде әр оқушыға жеке шкаф қойылатын болады. Бұл бастама Үкімет тарапынан да қолдау тауып отыр. Алдағы уақытта бастауыш сыныптың шәкірттері өздерінің оқулықтарын, ауыстыратын аяқ киімдерін, формаларын, т.б. өздерінің жеке шкафтарында қалдыра алатын болады. Бұл шет елдерде кеңінен қолданылып келе жатқан тәжірибе.
Үкіметтен қолдау тапқан тағы бір жақсы бастама – оқушыларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Ол үшін мектептерде диспенсер, сүзгі, фонтан секілді арнайы құрылғылар орнатылады. Бүгінде бұл сұрақты 10-ға тарта кәсіпорын шеше алады.
Тіл үйренуге ыңғайлы методика
Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту жаңа методикасы жасалды. Бұл әлемдік тілдерді тез оқытатын үлгілер бойынша құрылды. Біз үйреншікті грамматиканы оқытудан кетіп, коммуникация жағына бет бұрамыз. Минимум сөздігі енгізілуде. Енді механикалық ереже жаттау және мәтінді аудару деген болмайды. Бастысы, балалардың қазақ тілінде сөйлеп кетуі. Былтыр біз тіл мамандарымен жұмысты бастадық. Зор жұмыстар атқарылды. Бір ай бұрын тіл білімі саласында тұңғыш рет қазақ тілінің жиілік сөздігі құрастырылып, жұртшылыққа таныстырылды. Оған тұрмыста ең жиі қолданылатын сөздер кірді. Ыңғайлы болу үшін жеке компаниялар онлайн қосымшасын жасауда. биылғы қыркүйектен бастап қазақ тілін деңгейлі әдіспен оқыту бірнеше мектепке пилоттық негізде жүргізіліп, ары қарай бүкіл Қазақстан бойынша оқытылатын болады. Неге бірден енгізілмейді, деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл үшін қажетті оқулықтар, оқыту әдістемелері, мұғалімдердің дайындығы және осыған қатысты бірқатар ауқымды жұмыстарды жүргізу қажет екені түсінікті. Содан кейін бәрі сарапталып, талқыланып, талданатыны да түсінікті. Кез келген жаңашылдық сараптамалық жұмысты, егжей-тегжейлі талқылауды, түсіндіріліп, қоғамның пікірін даярлауды талап етеді.
Ағылшынша оқыту жөніне келсек, биылдан бастап 5000 ұстаз – пән мұғалімдері тереңдетілген тілдік курстарда оқиды. Яғни, тілді терең меңгермек.
Биылғы күзден бастап жүзге тарта жаңа сынып ағылшын тілінде оқуға көшеді деп жоспарлап отырмыз. 120 мектепте ағылшын тілінде сабақ беріп жүрген қосымша 2,7 мың мұғалім бар. Әрине, бұны тек оқушыларымыздың ата-аналарының жазбаша рұқсатын алғаннан кейін, ерік білдірген жағдайда ғана жүргіземіз. Биыл біз дайындыққа қажетті уақытқа, оқыту сапасына және мұғалімдердің дайындығына қатысты көптеген сұрақтарға жауап аламыз. Бұған дейін хабарлағанымыздай, жоғары сыныптарда 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға қатысты шешім тек 2018 жылы қабылданады.
Президент ағылшын тіліне келудің екі жолын көрсетіп берді. Ағылшын тілін білу – бұл біздің ілгерілеуіміздің негізі. Және мұны біз жете түсіне отырып іске асыруымыз керек. Осылайша жұмыс істейміз.
Баланың көңілі... білімде
Балалар үйлері туралы айтпай кетуге де болмайды. Біз балаларды асырап алушы ата-аналардың қажетті ақпараттарға қол жеткізу жолдарын жеңілдетуді қамтамасыз ету үшін республикалық деректер базасын ашу міндетін қойған болатынбыз. Нәтижесінде, 6 балалар үйі жабылды, балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балалар саны бір жыл ішінде 1 мыңға азайған. Ең бастысы, балалар үйлерінде қоғамдық бақылау орнату қажет. Сондықтан да, елдегі барлық балалар үйлеріне үкіметтік емес ұйымдардың, партия, мәслихат, т.б өкілдері кіретін Қадағалаушы кеңестер құру жоспарымызда бар. Сәбилер үйлерінде не болып жатқанын жергілікті қоғам өкілдері қадағалай алатын болады. Бұл іске 3-4 ай кетеді деп жоспарлап отырмыз, әрі жобаның нәтиже беретініне кәміл сенеміз. Жалпы, балалар үйлерінің директорларын, ал болашақта мектептердің де басшылығын қоғамның қатысуынсыз бір адамның тағайындамауы керек.
Енді балабақшалар мен ондағы кезек мәселесі. Алдымен керексіз ережелер мен жемқорлықты жойып, кезегімен тәртіп орнату қажет. Біз санитарлық нормаларды қарадық, орындардың жетіспеуіне оның да кедергісі бар. Жаңа санитарлық ережелер мен нормаларға (СЕН) сәйкес, балабақша ашу жеңілдетіледі. Жаңа СЕН 3 ай талқыланды, мыңға жуық маман өз ойларын ортаға салды. Балабақшлардың барлық кезегін республикалық бірыңғай кезекке біріктіріп және балабақшаға жолдама алуды электронды үкімет арқылы автоматтандыру қажет. Бүгінде түрлі қалалар мен облыстарда әр түрлі.
Егер біз мектепке дейінгі мекеме қызметінің сапасы бәсекеге қабілетті болуын қаласақ, «Балапан» бағдарламасы бойынша төленетін ақшаны бағыттау туралы шешім қабылдауды ата-ана еншісіне қалдырамыз. Олар өздерінің көңілдерінен шығатын мекемені таңдап, мемлекеттік тапсырысты соған бағыттайды. Мемлекеттік бола ма, жеке меншік бола ма – бәрібір. Бұл міндет оңай болмаса да, алдағы жарты не бір жылда орындалады. Сонда барлығы әділетті және ашық болады.
Басты міндетіміз – балалардың барлық әріп пен сандарды біліп, 1-сыныпқа 100 пайыз дайын болып келуі. Бүгінде олардың үлесі шамамен 70 пайыз – мәселе осы жерде, сол себепті 0-сынып 2019 жылдан бастап, ал барлық пилоттық мектептер мен балабақшаларда – биылдан бастап енгізіледі. Мектептер мен балабақшаларда ашылатын 0-сыныптың мәні – мектепке дейін бірыңғай бағдарламамен «Әліппе», «Букварь» бойынша әліпбиді үйрену, әріптерді тану, буындап оқу, қарапайым сөйлемдер құрай бастау. 1000 мектеп пен балабақшада пилоттық жүйе бойынша оқытылады. Қандай үлгі екенін көріп отырсыздар – жақсартуды көздейтін барлық жаңашыл істер тек анализ, сапаны анықтау және кеңінен талқылану арқылы қабылданып жатыр.
Естеріңізде болса, биылғы 1 қаңтардан бастап еліміздегі мектептерде Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тарапынан жүргізілетін жоспарлы тексерістерге тыйым салынды. Осымен ескі үлгідегі тексерулер келмеске кетті деп ойлаймыз. Тәуекелділікті бағалаудың жаңа жүйесі енгізіліп, тексерулер сирек өткізілмек, әрі барлығы бірдей жүргізілмейді. Комитеттің міндеті жазалау емес, көмектесу. Оның үстіне, осы күнге дейін ереже бұзылғаны үшін бір де бір мектепті жапқан емеспіз. Сол себепті де бұл жүйе түпкілікті қайта қарастырылып жатыр.
Енді мұғалімдердің аттестациясы мәселесіне келсек. Аттестация ондаған жылдардан бері өзгеріссіз келеді. Қараңыздар, реформа жүргізіп жатырмыз, ал талаптар – ескі. Яғни, жұмыс істемейтін құжат қаншама педагогтардың тағдырын шешуде! Осыған байланысты не істеліп жатыр? Барлық дамыған елдердегідей педагогтың стандарты қабылданады. Бұл – педагогтардың стандартын, оқытылуын, аттестациясын және бағалануын қамтитын салалық біліктілік шегі. Бұл жұмыспен сарапшылардан құралған үлкен топ – 100-ден аса маман айналысып жатыр, сондай-ақ, Дүниежүзілік банктің өкілдері де бар.
Елбасының тапсырмасы бойынша енгізіліп жатқан кәсіптік және техникалық білім беру туралы айту үшін бөлек көлемді мақала жариялау керек. Бұл тақырып біз алдағы уақытта қозғалады. Бұл бағытта зор жұмыстар атқарылды. Ғылым бағытында болып жатқан процесстер туралы да бөлек айту қажет. PhD ізденушілер көлемі бір жылда 600-ден 1800-ге дейін өсті. Бұл Қазақстанның ғылым саласындағы әлеуетінің болашағына әсер етпей қоймайды.
Әлемнің жылдам қадам басып келе жатқанын түсінуіміз керек. Бұны көріп те жүрміз. Біздің балаларымыз қарыштап алға қарай кетіп бара жатқан заманауи, бәсекеге қабілетті әлемде өмір сүрулері керек. 25 жылда көп нәрсе істелді. Біз өзге елдердің жағымды және жағымсыз тәжірибелерін жиі саралап отырмыз.
Сөзіміздің түйініне келсек, уақыт бәрін көрсетеді.