Кеше ғана БАҚ беттерінде қазақ тілі пәнінің ҰБТ-дан алынып тасталғаны туралы ақпарат тараған болатын. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл мәселеге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"12 жыл бойы орыс мектептерінің түлектері қазақ тілін ҰБТ аясында тапсырып келген болса да, оның нәтижелері есепке алынбаған. Тіл білімін бағалау нәтижелері грантты алуға ықпал етпеген. Сонымен қатар, мектеп түлектерінің бір бөлігі қазақ тілін тест негізіндеа емес, мектепте әзірленген билеттер бойынша тапсырған.
ҰБТ екі кезеңге бөлінуі себепті, сондай-ақ, биылғы мектеп түлектерінің 100 пайызы қазақ тілін тапсыруы мақсаты қойылып отырғандықтан, аттестатты алу үшін әрбір түлек экзамен тапсырып, тіл білімін тестілеу қорытындылары бойынша сәйкес бағасын алуы тиіс", - дейді министр.
Айта кетсек, кеше Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов Ұлттық бірыңғай тестілеуден "Қазақ тілі" пәнінің жоқ екенін ресми түрде мәлім еткен болатын.