Экс-депутат Бекболат Тілеуханның Алматыда сәбиді қырқынан шығаруы жұрттың талқысына түсті. Қоғам қайраткері мен оның әйелі психолог Нұргүл Даубаеваның жетінші баласының кіндік әке-шешесі атанған екен. Сәйкесінше, қырқынан шығаруды да осы кісілерге сеніп тапсырған.
"Алланың бұйыртқаны, Алматыда Асанәлінің қырық күнге толған маңызды күнінде кіндік әке-кіндік анасы Бекболат ағамыз бен Кенже әпкем қарын шашын, тырнағын алып, бір үлкен іс атқарды", - деп жазды Даубаева.
Бекболат Тілеуханның өзі сәбидің шашын қиып, тырнағын алған. Алайда бұл әрекетті оқырмандар жаппай сынады.
"О заман да, бұ заман, еркек қырқынан шығарғанды бірінші рет көріп тұрмын. Еркек, ер адам қырқынан шығармайды ғой. Күннен-күнге неше түрліні шығарады. Бекболат жұмыс ауыстырған ба, бір күні әйелдерді босандырып жүрсе, таңғалмаймын. Салтты бекер бұрмаладың. Кіндік атасы дегені несі, неше түрліні шығарады. Қошеметке лайықты адам тапқан екенсіңдер", - деп жазды желі қолданушылары.
Кейін Тілеухан сәбидің атын азан шақырып, атын Асанәлі қойды.
Нұргүл Даубаева кейін сын жазған оқырмандарына өмірді қиындатпауға шақырды.
"Еркектің күшін берсін, азаматтың мысын берсін деп, ер адамдар әйелге шаш алдыртпаған екен деседі. Енді қазіргі заманда әйел адам ғана шаштаразшы болса шаш алдыртуға болмайды деп жүрмейді ғой. Өмірді қиындатпай ешкімге кесірін тимесе жеткілікті", - деп жазды ол.