03 қаз, 2022 сағат 11:40

Саакашвили: Әскерден қашқан ресейліктер Грузияға демографиялық қауіп төндіреді


Грузияның бұрынғы президенті, оппозициялық "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының жетекшісі, Тбилиси сотының үкімімен алты жылға сотталған Михаил Саакашвили Грузия мен Ресей шекарасындағы жағдайға және әскерге жарамды Ресей азаматтарының жаппай қашуына байланысты мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Азаттық.

Саакашвилидің сөзінше, "әскерден қашқан ресейліктердің жаппай Грузияға келгені - Грузия сияқты кішкентай елге демографиялық қауіп туғызады". Ол бір жағынан "әскерден қашқан ресейліктерді шекарадан өткізген Грузия билігінің шешімін айыптай алмайтынын, өйткені әскерден қашқандар көп болған сайын украиндар азырақ өлетінін" айтқан.

Грузияны 2004-2013 жылдары басқарған Саакашвили грузин қоғамын "Ресейден қашып келгендерге басқыншы екенін ұдайы еске салып тұруға (Ресей әскері өзін тәуелсіз деп жариялаған Абхазия мен Оңтүстік Осетияда тұр) және Грузияның ішкі саясатына кедергі жасамас үшін "олардың грузин паспортын жапай сатып алуына жол бермеуге" шақырды.

Саакашвили "грузиндердің әскерден қашқан ресейліктерді Түркия мен өзге де елдерге ертерек кетуге барынша мәжбүрлейтініне" сенімді екенін айтқан.

Саясаткер өзін соттаған сот отырысында "жаңа билік келгенде Ресей азаматтары Грузиядан сатып алған барлық пәтер дереу кәмпескеленетінін" мәлімдеген. Статистикаға қарағанда, Ресейдің 23 мыңға жуық азаматы Грузиядан жылжымайтын мүлік сатып алған. Оның басым көпшілігі - кейінгі алты айда Тбилиси мен Батуми қалаларынан сатып алғандар.

Айта кетейік, Михаил Саакашвилиді Тбилиси соты "қызметін асыра пайдаланғаны" үшін алты жылға соттаған. Оның үстінен тағы да үш қылмыстық іс қозғалған. Грузияның үшінші президенті қазір Тбилисидің Vivamedi клиникасында ем алып жатыр.