Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай елорда атауын Астана атауына қайтару туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Парламенттегі депутаттар тобы елорданың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсыныс білдіргені мәлім. Депутаттардың бұл бастамасы туралы Президент хабардар. Халық қалаулылары, өз кезегінде тұрғындармен кездесулерде айтылған ұсыныстарға, сондай-ақ, референдум кезінде азаматтардың көптеген өтініштеріне сүйенді. Мәжіліс депутаттарының ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді. Президент Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін нығайтуда және елорданың іргесін қалауда Н.Ә. Назарбаевтың шешуші роль атқарғаны тарихи факт деп санайды. Сондықтан Тұңғыш Президент атындағы басқа да нысандар өз атауларын сақтап қалуы тиіс", - деп жазды Желдібай Facebook-парақшасында.