20 қаз, 2021 сағат 02:38

Рульде полицей болған: Қарағандыда жол апатынан сәби көз жұмды


Қарағанды қаласында екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан бір жасар бала көз жұмды. Көліктердің бірін полиция қызметкері тізгіндеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайғылы оқиға 19 қазан күні сағат 21.45-те Қарағанды қаласында Республика даңғылы мен Дүйсембеков көшесінің қиылысында болған. «Mercedes» автокөлігінің жүргізушісі – 37 жастағы полиция қызметкері жұмысынан үйіне қайтып бара жатып, бағдаршамның сары түсіне өтіп кеткен. Салдарынан 29 жастағы азаматтың басқаруындағы «ВАЗ-2114» автокөлігімен соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ-2114» автокөлігінде болған 1 жастағы сәби қаза болды. Жүргізуші және 27 жастағы жолаушы әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. «Mercedes» автокөлігінің 37 жастағы жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлім етті облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінде.