«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркістан облысында «Абай оқулары» онлайн байқау өтті. Қазақтың ұлы ақыны Абай мұрасын кеңінен насихаттап, дарынды көркемсөз оқушыларын анықтау мақсатында ұйымдастырылған байқауды облыстық Тіл басқармасы қолға алған, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға облыс көлемінде 60-қа жуық үміткер қатысып, бақ сынасты. Байқаудың шарттарына сәйкес алғашқы кезеңде қатысушылар Абайдың кез-келген өлеңін мәнерлеп, жатқа оқып шыққан.
«Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы кең көлемде, ЮНЕСКО деңгейінде тойлануы керек еді. Өкінішке қарай, бүкіл әлемді әбіргерге салған пандемия біраз жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік берген жоқ. Дегенмен, біз өз кезегімізде, қазіргі әлемдік трендтегі онлайн шараларды қолға ала бастадық. Соның бірі облыстық «Абай оқулары» байқауы болатын. Байқауға қатысуға ниет білдіргендер өте көп. Бұл көңіл қуантады әрине. Арнайы қазылар алқасы үздіктерді анықтады. Біз жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз!» деді облыстық Тіл басқармасының Бас маманы Ғабит Сапарбеков.
Бұл байқау қазақтың ұлы ақыны Абай мұрасын кеңінен насихаттап, дарынды көркемсөз оқушыларын анықтау мақсатында ұйымдастырылған. «Абай оқулары» онлайн байқауы халықтың әдебиетке және сөз өнеріне, ұлттық руханиятқа деген ықыласын арттыру бағытында өткізілді.
«Мен оқушы кезімнен өлеңдерді жатқа оқығанды, көркемсөз оқығанды өте жақсы көремін. Көптеген байқауларға қатысып та көргенмін. Тек жоғары білім алып, қызметке араласқалы күйбең тірлікпен көркемсөз оқуды сиреттік. Дегенмен облыстық «Абай оқулары» байқауы болады дегенді естігенде ерекше ықыласым ауды. Тәуекел етіп қатысып көрдім. Жүлделі орынға да ие болдым. Ең бастысы жүрекпен оқып, жүрекке жеткізу ғой», - дейді мемлекеттік қызметкер Гүлжан Серік.
Ал, екінші кезеңде Абайдың қара сөздерін оқып өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында #Абайоқуларыруханижаңғыру хештегімен видеолар жүктеуі тиіс болатын. Байқау қорытындысының нәтижесінде үздіктер анықталып, марапатталды. Барлық жеңімпаздарға алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.
Облыстық Тіл басқармасының Бас маманының айтуынша, Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай бұдан да өзге шаралар тамыз-қыркүйек айларында өткізілген. Қыркүйек айының соңына дейін әлі бірнеше шара жоспарда тұр. Басты мақсат Қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың мұрасын кеңінен насихаттап, дарынды көркемсөз оқушыларын анықтау, «Абай оқулары» онлайн байқауы халықтың әдебиетке және сөз өнеріне, ұлттық руханиятқа деген ықыласын арттыру болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ТҮркістан облысында «Абай оқулары» онлайн байқау өтті. Қазақтың ұлы ақыны Абай мұрасын кеңінен насихаттап, дарынды көркемсөз оқушыларын анықтау мақсатында ұйымдастырылған байқауды облыстық Тіл басқармасы қолға алған.