10 қыр, 2020 сағат 11:30

«Рухани жаңғыру»: «Рухани қазына – 2020» байқауы басталды

Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» баңдарламасы аясында Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің III республикалық «Рухани қазына – 2020» байқауы басталды. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған байқау бұл жолы әлемдегі жағдайға байланысты онлайн форматта өткізілуде, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Аталған байқауға мемлекеттік музейлер, кітапханалар, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар қатысуда.

«Байқағандарыңыздай, бұл республикалық байқау. Сәйкесінше іріктеу кезеңі де ерекше өтіп отыр. Атап айтқанда, өңірлерде іріктеу кезеңі 14 қыркүйекке дейін өтіп, үздік шыққандар республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Ал, республикалық байқау бүгіннен басталып қыркүйек айының соңына дейін жалғасады», - дейді ұйымдастырушылар.

Белгілі болғандай, қатысушылардың жұмысын арнайы тағайындалған қазылар адқасы бағалайтын болады. Атап айтқанда, қазылар алқасының мүшелері екі күн бойы онлайн форматта қатысушылардың еңбектерін бағалайды. Әр сала бойынша іріктеу жұмыстарын бағалау тікелей эфирде көрсетіледі. Мысалы, кітапхана саласы бойынша ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының, музей саласы бойынша Ұлттық музейдің, ал, мәдениет ұйымдарының үздіктерін анықтау «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Facebook парақшаларында тікелей эфирде өтеді.

«Мұндай байқаулар сала мамандары үшін өте маңызды. Біз де ұжымымыздың атынан қатысушыларды дайындап, тақымын қысып, бәйгеге қостық. Кітапхана ісі өте жауапты сала. Осы жолда қаншама жылдар бойы еңбек етіп, оқырманның көңілін тауып жүрген қызметкерлерімі республикалық байқауда топ жаратынына сенімдіміз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқан бұл байқау көптеген мемлекеттік қызметкерлердің ынтасын оятып, жігерін арттырды деп ойлаймын», - дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекова.

Айта кетейік, аталған байқаудың республикалық кезеңіне қатысу үшін еліміздің 17 өңірінен 180-нен астам өтінім келіп түсті. Соның ішінде кітапхана саласы бойынша – 80 өтінім, музей ісі бойынша – 42 өтінім, мәдениет үйлері саласы бойынша – 60 өтінім.

Ал, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, онлайн форматта немесе карантин талаптарын сақтай отырып тек қана жеңімпаздардың қатысуымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтеді деп жоспарлануда. Марапаттау рәсімі ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің Youtube, Facebook ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетіледі. Бабы мен бағы қатар жанған таланттар арнайы дипломмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

Естеріңізге сала кетейік, Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» баңдарламасы аясында Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің III республикалық «Рухани қазына – 2020» байқауы басталды.  Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған байқау бұл жолы әлемдегі жағдайға байланысты онлайн форматта өткізілуде.