Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып басылған жаңа оқулықтар таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиын барысында ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева бағдарлама аясында 2 жылда атқарылған іс шаралар туралы айтты.
«ЖОО бағдарламасы аясында көптеген ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстар «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында белгіленген шаралармен ұласады деп сенімдімін. Екі жыл ішінде 90 астам экспедиция жасалды, 2000 жуық іс шара ұйымдастырылды. Бағдарламаның барлық бағыты бойынша ғылыми жұмыстар жасалды. Осы уақытта 7000 ғыл мақала жарияланды. 17 ғылыми жоба жүзеге асырылды. Жалпы халықтық келелі жұмысқа студенттер де белсенді қатысып отыр. Жастар өз беттерімен ізденіп, пікірталас алаңында телестудиялар ашылды. 4000 астам материал интернет бетіне қойылып, әлеуметтік желіге жарияланды. Былтыр уманитарлық ғылымның маңызды деген 18 оқулығы қазақ тіліне аударылса, биыл міне тағы 30 оқулық тізімді толықтырып отыр», - деді Аида Балаева. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы шынымен теңдесі жоқ бағдарлама. Бұл жоба біріншіден, гуманитарлық ғылымдардың халықаралық деңгейін тануға жол ашты. Екіншіден қазіргі қазақ қазақ тіліндегі ғылыми стиль мен академиялық терминологияның нормаға түсуін үдетті. Үшіншіден, түпнұқса тілден, атап айтқанда ағылшын тілінен тікелей аударма мектебінің қалыптасуына негіз қалады. Биыл аударылған оқулықтар да осы бағытта жұмыс жасайтынына сенімім мол», - деді «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен шараға танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, жоғарғы оқу орындарының басшылары, ғылыми орталықтардың мамандары, ұстаздар мен студенттер, аударма ісіне араласқан аудармашылар мен редакторлар, баспагерлер қатысты.
Жаңа оқулықтарға арналған конференция барысында жаңа оқулықтардың мазмұны мен құрылымы, оларды оқу бағдарламасына енгізу мәселелері, аударма сапасы, жаңа ғылыми ұғымдар мен терминдердің қолданысы кеңінен талқыланды.
Оқулықтардың жаңа топтамасы дүниежүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық және бизнес, қазіргі заманғы педагогика, өнер тарихы, интернет психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг негіздері, ұйымдық мінез-құлық, медиа және бизнес-коммуникация, адам ресурстарын басқару, дипломатия, оринтализм және семиосфера секілді бағыттарды қамтыған.
Атап айтсақ, МакГроХил баспасынан шыққан 2 томдық «Панорама: дүниежүзі тарихы» оқулығы тарихты оқытуда бізде қалыптасқан формациялық ұстаным мен ұғымды бұзып, адамзат дамуын біз үшін мүлде жаңа тұрғыдан таныстырады.
Бір топ батыс әдебиетшілері дайындаған, кіріспе және 4 томдық антологиядан тұратын «Әдебит теориясы» топтамасы әдебиеттануды басқа салалармен байланыстыра отырып, оған анағұрлым кең көзқарас қалыптастырады. Жинақ әдебиеттегі орыс формализмі, структурализм, феноменология, постструктурализм, психоанализ ұғымдары, постотаршыл және трансұлттық таным туралы түсінік береді.
Беделді заңгер маман, әрі танымал ғалым Малколм Шоның 2 томдық «Халықаралық құқық» атты оқулығы осы саладағы дүниежүзі таныған аса құнды кітаптың бірі. Оқулық халықаралық құқық саласына шолу жасайды, құқық жүйелерін салыстыра отырып, саладағы теория мен тәжірибе жайлы жан-жақты түсінік қалыптастырады.
Жаңа заманға лайық педагог мамандар дайындауға қажет оқулықтар қатарында «Оқыту теориясы: білім беру көкжиегі», «Педагогиканы цифлық дәуірде қайта зерделу: XXI ғасырдағы оқыту дизайны» және көпшілік оқырманға аса қызықты болатын Кембридж университеті дайындаған «Интернет психологиясы» оқулықтары бар.
Экономика және кәсіпкерлік бағытындағы білім беруге қажетті оқулықтар қатарын толықтыру мақсатында бірқатар әлемге танымал авторлардың құнды еңбектері аударылды. Атап айтсақ, Джон Гэмбл бастаған авторлық топтың «Стратегиялық менеджмент негіздері», Ник Уилтонның «HR менеджментке кіріспе» атты оқулығы, Стивен Роббинстің «Ұйымдық мінез-құлық негіздері», Чарльз Хиллдің «Халықаралық бизнес: жаһандық нарықтағы бәсеке», Ларри ДиМаттеоның «Халықаралық бизнес құқығы және заңнамалық орта» оқулықтары бар. Бұл ретте ерекше аталуы тиіс кітап - қазіргі маркетингтің негізін қалаушы саналатын Филип Котлердің «Маркетинг принциптері» оқулығының 17-ші басылымы.
Сондай-ақ, дүние жүзінің өнертанушылары негізгі оқу құралы деп танитын Эрнст Гомбрихтың тасқа қашалған суреттерден бастап, бертіндегі эксперименталды кезеңге дейінгі өнердің дамуын қамтитын «Өнер тарихы» оқулығының 16-шы басылымын ерекше атауға болады.
Мұның сыртында, әлемдік гуманитарлық ғылымға ықпал еткен жекелеген авторлардың кейбір монографиялары да қамтылды. Мысалы, семиотика ғылымының негізін қалаушы Юрий Лотманның «Семиосферасы», тіл білімі мен биологияны ұштастырған Стивен Пинкердің «Тіл-инстинкт» атты зерттеуі, батыстағы ғылыми ортаның шығысты тану әдестемесін жаңа тұрғыдан тұжырымдаған Эдуард Саидтың «Ориентализмі» аударылды.
Мұның барлығы - ондаған тілге аударылған, әлемдік гуманитарлық білімнің дамуына зор үлес қосқан, әрқайсысы өз саласында жаңа ұғымдар жүйесін қалыптастырған айтулы еңбектер. Бұл кітаптардың қазақ тіліне аударылуы қазақстандық жоғарғы мектеп пен ғылыми ортаның күшейуіне, тіліміздің заманға сай әлеуетін арттыруға зор үлес қоспақ.
Жоғарда аталған 30 оқулықтың әрқайсысы 10 мың дана басылыммен шығарылып, жаңа оқу жылына дейін еліміздегі 112 жоғары оқу орнына жаңа оқу жылына дейін таратылады. Оқулықтардың электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталына орналастырылып, интернет арқылы еркін қолданысқа беріледі.
Аударма жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының ғалымдары, тәжірибелі аудармашылар, тілші және әдебиетшілер ортасынан іріктелген редакторлар, жалпы саны 300-ден аса маман қатысуда. Оқулық мәтіндері бірнеше кезек әдеби және ғылыми редакциядан өтті.
Жоба аясында әлемдегі оқулық шығаруға маманданған «Cambridge University Press», «Oxford University Press», «Pearson», «Cengage», «Penguin Random House», «McMillan» және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен әріптестік қарым-қатынас орнады.
Жоба ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асуда.