Фото: ашық дереккөз
Рудный қаласының прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде Теміртау қаласының 16 жастағы тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Тексеру кезінде одан «мефедрон» салынған түйіншектер табылып, жалдамалы пәтерінен сатуға дайын 200-ден астам осындай орамалар тәркіленді. Сараптама алынған заттың психотроптық екендігін растады.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі («Есірткі заттарын заңсыз өткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жасөспірім қамауға алынды.
Бұған дейін Рудныйда ғимарат қабырғаларына есірткі насихатын білдіретін граффити салған 14 және 16 жастағы екі жасөспірім ұсталған еді.
Қостанай облысының прокуратурасы әлеуметтік желілер арқылы балалардың «жеңіл ақша» табу уәдесіне алданып, есірткі бизнесіне тартылып жатқанын ескертеді. Ата-аналарға балаларының интернеттегі әрекеттеріне мұқият болып, оларды қауіпті қателіктерден сақтандыруға шақырады.
