Роскомнадзор ресейлік БАҚ пен қоғам қайраткерлерінің YouTube арналарына байланысты 50 шақты "цензура" тіркегенін хабарлады.
Мекеме YouTube иесі Google корпорациясын "шектеуді дереу доғарып, ресейлік қолданушылардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуге" шақырды.
"Роскомнадзор барлық факт бойынша дискриминацияны тоқтатуды талап етті. 18 наурыздағы жағдай бойынша, Google LLC компаниясы бұл талаптарды орындамады" деп жазылған сенбі күні ведомство таратқан хабарламада.
Бір күн бұрын олар Google корпорациясынан "қысқа уақыт ішінде" Ресей азаматтарына бағытталған "қоқан-лоқы" контентін тыйып, "Ресейге қарсы роликтерді" таратпауды талап еткен. Мекеме видеохостинг әкімшілігі әрекетінің "террористік сипаты" барын да айтқан.
РИА "Новости" агенттігінің дереккөзі Ресейде YouТube келесі аптаның соңына дейін бұғатталуы мүмкін екенін хабарлады.
Бір апта бұрын YouTube видеосервисі Ресей мемлекеттік арналарының парақшасын жауып, Украинадағы соғыс туралы видеоматериалдарын жоятынын хабарлаған. Компанияның түсіндіруінше, Ресейдің мемлекеттік арналары таратқан хабарлар соғыстан ақпарат тарату жайлы компания ережелеріне қайшы.