Ресей БАҚ-тарын бақылаушы Роскомнадзор Google компаниясынан "Ресейлік қолданушыларға қатер төндіретін" сөз тіркесін алып тастауды талап етті. Бұл жөнінде ведомствоның telegram-арнасы хабарлады.
"Google.Translate сервисінен экстремистік сипаттағы құқық бұзушылық анықталды. Аталған сервис dear Russians ("қымбатты ресейліктер") деген сөз тіркесін орыс тіліне аудару үшін ресейлік қолданушыларға dead Russians ("өлі ресейліктер") деген сөз тіркесін жазуды ұсынған. Өзге ұлттарға келгенде мұндай мәселе жоқ", - дейді Роскомнадзор.
9 сәуірде бірқатар telegram-арна мен басылым осы жайтқа назар аударған еді.
Google "Интерфаксқа" Google.Translate сервисіндегі қателік түзетілгенін хабарлады.
7 сәуірде Роскомнадзор "Ресей заңын бұзатын көптеген құқық бұзушылықтары үшін" Google компаниясына "ақпараттық және экономикалық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын" қолданатыны туралы хабарлаған. "Яндекс" пен Mail.ru іздестіру жүйесі Google ресурсын "Ресей заңын бұзатын сайт" деп ескерткен. Ресей билігі Google мен оның ресурстарының жарнамасына тыйым салған.
Роскомнадзор Google иелік ететін YouTube видеохостингі "Украинада әскери операция жүргізіп жатқан Ресей Қарулы күштері туралы жалған ақпарат тарататын негізгі алаңға айналды" деп мәлімдеді.
"Мұнан өзге YouTube Украинаның "Правий секторы" мен ұлтшыл "Азов" полкы секілді экстремистік ұйымдар туралы ақпараттарға тосқауыл қоймайды", - деп жазған ведомство "видеохостингте 112 мыңнан астам тыйым салынған материал бар" деп санайды.