30 нау, 2018 сағат 08:13

Ринат Зайытов Аягөздегі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көмектесті

Танымал айтыскер ақын Ринат Зайытов ШҚО, Аягөз ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көмек қолын созды. Бұл туралы "Аягөз жаңалықтары" газетінің бас редакторы Ермек Дайырбаев жазды.

"Ақын - елдің жоқшысы. Бұрын да солай, қазір де осы. Сонау Сүйінбай бабаларымыз бастаған айтыс өнерінің ұлы көшін жалғап жүрген бүгінгі айтыс ақындары көшінің ортасында жерлестеріміз аз емес. Солардың бірі Ринат Зайытов. Елдің жайын, халықтың мұңын сахнаның төрінен айтқанда бір серпілмейтін тыңдарман жоқ шығар. Туған жұртым, асыл ғұрпым, ұлттық мүддем, тілім, ділім деп топқа түсіп, биік рухтың керемет үлгісін көрсетіп жүрген Ринат Аягөздің тумасы", - дейді Ермек Дайырбаев.

"Аягөз жаңалықтары" газетінің бас редакторы Ринат ақынының азаматтық қасиетін тілге тиек ете отырып, өзі туып-өскен Аягөз ауданындағы су тасқынынан зардап шекккен отбасылардың жағдайымен танысып, көмек көрсеткенін айтады.

"Жақында туған жерінде су тасқыны орын алған жағдайға орай, жерлестерінің жай – күйімен танысу үшін Аягөзге арнайы ат басын бұрған Ринат, ел арасында болды. Бар жиған тергенін баспанасымен қоса тасқын су ағызып әкеткен ағайынға өзінің ізгі ниетін білдірді. Жағдайға байланысты жиналған қаражаттан баспаналы болған он бес отбасының шаңырақтарына арнайы барып алдағы уақытта жандарыңыз жаурап, табандарыңыздан сыз өтпесін деп қалы кілемдер сыйлады. Жаңадан алған шаңырақтарына ақын ұлдары арнайы келіп жатқан ағайын риясыз көңілдерінен ризашылықтарын айтып, алғыстарын білдірді. Ұлымыз саған тартса деп ырымдаған отбасылардың бүлдіршіндерінің маңдайынан иіскеген ақын ағалары балапандарға ақ тілегін жеткізді", - дейді ол.

Ал Ринат Зайытов: «Әр кімге туған жері Мысыр шаһары дейді ғой. Мен үшін де Аягөздің орны ерекше. Елдегі жайды естіп қабырғам қайысты. Ең бастысы халқымыз аман, еліміз берекелі болсын» деген игі тілегін жолдады.