Рим Папасы Францисктің Қазақстанға сапары кезінде қандай іс-шараларға қатыстаны белгілі болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рим Папасы Франциск 13-15 қыркүйек аралығында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.
Бірінші күн бағдарламасында оның Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, сондай-ақ елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулері қарастырылған.
Рим-католик шіркеуінің басшысы сапарының екінші күнінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің ашылуына және пленарлық отырысына, сондай-ақ кейбір дін лидерлерімен бірқатар кездесуге қатысады деп күтілелі.
"Сонымен қатар 14 қыркүйекте Рим Папасы Франциск мыңдаған католик дінін ұстанушылар, оның ішінде Қазақстан астанасына арнайы келетіндері үшін дұға (месса) өткізеді.
Сапардың соңғы күнінде ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жабылуына және оның қорытынды декларациясының қабылдануына қатысуды, сондай-ақ Рим-католик шіркеуінің Қазақстандағы және көрші елдерден келетін дін қызметкерлерімен, монахтарымен және семинаристерімен кездесуді жоспарлап отыр" делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Рим-католик шіркеуі басшысының, атап айтқанда Папа Иоанн Павел II-нің Қазақстанға тұңғыш сапары 2001 жылғы 22-25 қыркүйек аралығында өткен. Ал Папа Франциск - Қазақстан астанасында үш жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысуын растаған Рим-католик шіркеуінің бірінші басшысы.