Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында маскүнем ана баласына мүлде қарамаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары қолайсыз отбасыларды үнемі бақылауда ұстайды. Қараша айының басында 3 жасар ұлымен бірге тұратын 41 жастағы әйелдің үйі тексерілді.
Соның нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Әйел үйде мас күйде жатқан.
«Үй іші суық, әрі астаң-кестең болып шашылып жатты. Әбден ашыққан қаршадай баланың үсті-басы кір болған. Сонымен қатар бұл үйде баланың қолайлы өмір сүруі үшін жарық, су және басқа да қажетті жағдайлар мүлде жоқ болып шықты», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта бүлдіршін қалалық балалар ауруханасына жатқызылған. Одан әрі оны кәмелетке толмағандарды қолдау орталығына орналастыру жоспарланып отыр.
Полицейлер әйел адамды ата-ана құқығынан айыру туралы өтінішті кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолдамақ.