06 ақп, 2017 сағат 08:37

РФ Мемлекеттік думасының депуттары сөздеріне абай болулары керек - Мәулен Әшімбаев

Қазақстан-Ресей қатынастары XXI ғасырда тату көрші және одақтас келісімі мен қазақстандық-ресейлік шекара келісімдерінің негізінде қалыптасуда. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ресей Федерациясы Қазақстан үшін Еуразиялық экономикалық одақ пен ҰҚШҰ бойынша басты серіктестердің бірі саналады. Сондай-ақ бұл ел Қазақстанның сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалары бойынша да маңызды серіктесінің бірі. Екі елдің президенттері барлық форумдар мен алаңдарда өзара қолдау мен түсіністік танытып келеді.

«Бұл үкіметтер мен парламенттер деңгейіндегі өзара іс-қимылдарға да байланысты. Осы орайда РФ -мен қатынастардың жоғары деңгейіне Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының төрағалығына сайланған Вячеслав Володиннің алғашқы ресми сапары дәлел болып отыр. Сондықтан да Қазақстанға аумақтық наразылығы бойынша Мемлекеттік думаның депутаты Шперов айтқан сөздер қисынға келмейді деп ойлаймын. Осы тектес пікірлер Қазақстан мен Ресейдің достық әрі тату көршілік қатынастар рухына сәйкес емес. Себебі, екі елдің қатынастары стратегиялық серіктестік ұстанымдарына негізделген», - дейді Әшімбаев.

Осы ретте депутат Қазақстанның Тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы берік әрі тұрақты екенін атап өтті. Біздің шекаралар халықаралық келісімдерде айқындалып, бекітілген. Сондықтан біздің мемлекеттің аумақтық тұтастығына күмән келтіруге ешкімнің де құқығы жоқ.

«Мемлекеттік думаның депутаттары мемлекеттердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына қатысты мәселелерде сөздеріне абай болуы керек деп пайымдаймын. Сондай-ақ олар стратегиялық серіктестік, біздің елдер мен халықтар арасындағы ынтымақтастық пен достық ұстанымдарына ерекше мән беруі қажет», - деп түйіндеді сөзін Мәжіліс комитетінің төрағасы.