- Бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында «Мемлекеттік басқару: Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында Ресей Федерациясының басқарушылық кадрлар резервінің бастапқы және перспективалы деңгейі үшін тағылымдамадан өту бағдарламасы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, тағылымдамадан өту бағдарламасына Мәскеу, Санкт-Петербор, Хакасия Республикасының, Қалмық Республикасының, Саха Республикасының және Новосібір, Қорған, Калининград облыстары мен Ресей Федерациясының басқа да өңірлерінен 30 мемлекеттік қызметші қатысуда.
Бағдарлама мақсаты - Ресей Федерациясының мемлекеттік қызметшілерін мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы Қазақстан Республикасының тәжірибесімен таныстыру. Осы тұста тағы бір айта кетерлік жайт, тағылымдамадан өту бағдарламасы Ресей тарапының сұранысына байланысты ұйымдастырылуда. Бағдарлама барысында Қазақстан Республикасының экономикалық саясатты қалыптастыру және іске асыру ісімен, сонымен қатар, мембасқару тәжірибесі және тұрақты даму саясаты барысымен танысу қарастырылатын болады.
Тағылымдамадан өту іс-шаралары барысында Ресей тарапы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Инвестициялар және даму министрлiгiнің, Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, Мемлекеттік корпорацияның, «Үкімет-азаматтар үшін», «Экономикалық зерттеулер институты», сондай-ақ басқа ұйымдардың өкілдерімен кездеседі. Мұнымен қоса, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында оқыту шаралары жоспарлануда.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/rf-memkyzmetkerleri-kazakstanga-okuga-keldi_a2974209