23 жел, 2021 сағат 20:11

Ревакцинация үшін Pfizer екпесін күтудің қажеті жоқ – Нариман Табынбаев


Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев брифинг барысында қаладағы өзге вакциналар тиімділігі жағынан Pfizer-ден кем түспейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикер екпе науқанының қарқынын омикрон келгенге дейін арттыру керектігін де жеткізді. 

«Қараша айында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі біздің департаментке Pfizer вакцинасы ақылы болса, қаладағы шамамен сұранысты анықтауды тапсырды. Сондықтан емханаларда алдын ала жазылу жүргізілді. Министрлікпен күнде сөйлесеміз, өкінішке қарай, бүгінгі күні ақылы егу үшін Pfizer вакцинасы қашан түсетіні, оның саны мен құны әлі анықталған жоқ. Сондықтан қаңтар, ақпан айларында вакцинация болады деп айта алмаймыз. Бүгінгі күні қалада бар вакцинамен ревакцинация жасауды ұсынамыз, олар бізде жеткілікті. Мен қалалықтарға Pfizer вакцинасын күтпеңіздер деп кеңес берер едім», - деді Нариман Табынбаев. 

Сондай-ақ ол қалада ақылы екпе алғысы келетіндерді тіркеу әлі де жалғасып жатқанын айтты. 

«Емханаларда вакцинаны ақылы түрде алғысы келетіндер тізімі жасалып жатыр. Бүгінде ақылы вакцинацияға арналған Pfizer препараты жоқ, мен тұрғындарды қолда бар QazVac және Vero Cell вакцинасын қайта салуға шақырамын, олар тиімділігі жағынан еш кем түспейді», – деп атап өтті спикер.