02 там, 2019 сағат 13:24

Reuters: Солтүстік Корея тағы зымыран ұшырды

2 тамызда таңертең Солтүстік Корея тағы зымыран ұшырды. Бұл туралы жұма күні дереккөзге сілтеме жасаған Reuters хабарлады.

Дереккөздің хабарлауынша, бұл Құрама Штаттар үшін қауіпті емес.

31 шілдеде Оңтүстік Корея бір аптаның ішінде Пхеньянның екінші рет қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымыран ұшырғанын хабарлаған. Сеул Пхеньянның жаңа әскери қаруын сынақтан өткізіп жатқанын айтады.

Сеул Пхеньянды баллистикалық зымырандардан бас тартуға шақырып келеді. Оңтүстік Корея билігі зымыран сынағы Корей түбегіндегі шиеленісті азайтуға септесе алмайды деп санайды. Солтүстік Корея өткен жолғы зымыран ұшыру көрші елге АҚШ-пен әскери саладағы ынтымақтастығы үшін жасалған ескерту деп мәлімдеген. Ал Вашингтон тамызда жоспарланған Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери жаттығуы жоспарға сай өтетінін мәлімдеген.

Азаттық