Ақпан айында Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін президент Владимир Путиннің кеңесшісі Дмитрий Козак мемлекет басшысын Киевпен Мәскеуге тиімді бейбіт келісімге қол жеткізуге көндіруге тырысқан. Алайда президент одан бас тартты, деп хабарлады Ресей билігіне жақын дереккөзге сүйенген Reuters.
Агенттіктің қос дереккөзінің хабарлауынша, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресей президенті әкімшілігінің жетекшісі Дмитрий Козак келіссөздер барысында Украинамен НАТО-ға кірмеу жайлы уағдаласқанын мәлімдеген. Алайда Путин соғысты жалғастыруды жөн көрген. Үшінші дереккөздің хабарлауынша, мұндай жағдай басқыншылықтан кейін емес, оған дейін болған.
"Украинская правда" басылымының хабарлауынша, соғыстың алғашқы күндері Мәскеу бейтарап ұстаным және қаруды орналастырудан бас тарту бойынша Украина басшылығымен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеген. Кейін Кремль Украинаны тұтас демилитаризациялап, билікті ауыстырғысы келетінін жеткізген. Көктемде бейбіт келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Қазір Киев Ресей әскерін елден тұтас алып кетпейінше, келіссөзге бармайтынын айтып отыр.
Сәуір айында "Медуза" басылымы дереккөздерге сүйене отырып, Козак президенттің "кәріне ұшырап" шешім қабылдау өкілетінен шеттетілгенін жазды. Путин әкімшілігіне жақын дереккөздің хабарлауынша, "Козактың қызметі болғанмен, ендігәрі өкілеті жоқ".
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Reuters'ге берген жауабында агенттік баяндаған оқиға шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.