06 шіл, 2022 сағат 10:44

Ресейлік сот Каспий құбыр желісінің жұмысын тоқтатып тастады


Новороссийскінің Приморский аудандық соты экологиялық бұзушылықтарға байланысты Каспий құбыр консорциумының (КҚК) қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Консорциум қызметі 5 шілдеден бастап 30 тәулікке тоқтамақ. Компания бұл шешімге шағымдануға ниетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.

Ространснадзор 6 мамырда "КҚК-Р" ақ жоспардан тыс көшпелі тексеру жүргізгенін, нәтижесінде мұнайдың апаттық төгілуін жою жоспары бойынша бірнеше құжаттық бұзушылықтарды анықтағанын хабарлады. Ростехнадзордың Оңтүстік теңіз және өзен бақылауы басқармасы терминалдың қызметін 90 күнге тоқтата тұруды талап етіп, сотқа жүгінді. Компаниялар анықталған бұзушылықтарды 30 қарашаға дейінгі мерзімде жою туралы нұсқама берді.

Бірақ мерзімнің аяқталуын күтпей, Ространснадзордың Оңтүстік басқармасы КҚК жұмысын 90 күнге тоқтата тұруды талап етті. Сот 5 шілдеде талапты ішінара қанағаттандырды — компания қызметін 30 тәулікке шектеді.

Каспий құбыр консорциумы Ресей Федерациясының құқықтық алаңы аясында жұмыс істейді және сот шешімін орындауға мәжбүр. Шешімге шағым жасалады, – делінген компанияның баспасөз хабарламасында.

Каспий құбыр консорциумы – Қазақстаннан экспортқа мұнай тасымалдаудың негізгі бағыты. Құбырдан алынған шикізат Новороссийск маңындағы теңіз терминалы арқылы танкерлерге жіберіледі. 2021 жылы 60,7 млн тонна мұнай жөнелтілді (Қазақстаннан 53 млн тонна). Негізгі акционерлер: Ресей (31%), Қазақстан (20,75%), Chevron (15%), ЛУКОЙЛ (12,5%), Exxon (7,5%), Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited (7,5%).

Айта кетейік, Ресей Украинаға басып кіріп, Батыс елдері Мәскеуге санкция салғалы бері Қазақстан мұнай экспорттау бойынша алғаш рет шектеуге ілініп отырған жоқ. Биыл наурызда құбыр консорциумының Ресейдің Новоросийск қаласы түбіндегі теңіз портында мұнай тасымалдайтын екі қондырғысы істен шығып, жұмысын ішінара тоқтатқан. Тек мамырдың соңында қалпына келгені хабарланды. Ресми түсіндіруі бойынша, оған теңіз дауылы себеп болған. Алайда наурыз айында немістің Handelsblatt басылымы зерттеу жариялап, "Ресей Қазақстан мұнайының Еуропа нарығына шығуына қасақана түрде бөгет жасаған" деген тұжырым жасаған.

КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың 90 пайызға жуығы – Қазақстаннан келеді және олар түгелге жуығын шикізатпен "Теңіз", "Қашаған", "Қарашығанақ" мұнай жобалары қамтамасыз етіп отыр. Осы құбырмен Ресей мұнай кеніштерінде өндірілген біраз шикізат та тасымалданады.