29 жел, 2022 сағат 12:54

Ресейлік шаңғышы Қазақстан намысын қорғайды

Фото: ski-atlas.ru

Ресейлік жас шаңғышы Александра Скороходова 2024 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, Қазақстанның намысын қорғайды. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Александра республикалық жарыстарға, Қазақстан Республикасының кубогі мен Қазақстан Республикасының чемпионатына және 2024 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарына қатысады.

Баспасөз мәлихатында Тау шаңғысынан қазақстандық жаттықтырушы, Алматыдағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің аға жаттықтырушысы Марк Шпарберг Александра Скороходова ұлттық құрамаға қалай қабылданғанын айтып берді.

«Александра Скороходова жақсы нәтиже көрсеткен соң өзімізге қабылдадық. Қазіргі уақытта 16-17 жастар арасында мықтылардың бірі. Біз де спортшыларымыздың деңгейін көтеру үшін қабылдадық, өйткені спортта мықты болу үшін өзіңнен мықтылармен бірге жаттығу керек. Ол өз мансабын бізбен жалғастыруды шешті, өйткені бүгінгі әлемде қандай жағдай болып жатқанын бәріңіз білесіздер. Қазір ол бізбен бірге жаттығып, Қазақстан құрамасының сапында ойнайды», - дейді Марк Шпарберг.

Айтуынша, болашағы бар спортшы.

«Болашағы бар. Ол – Ресейдің абсолютті чемпионы. Бізде де тамаша нәтиже көрсетті. Жоғары деңгейдегі жарыстарда Александра екінші әрекетінде Еуропа кубогі деңгейіндегі спортшыларға ғана есе жіберіп қойды. Нәтижесінде, 100 адамның ішінде 13-ші болды», - деді ол.

Айта кетейік, Александра Скороходова биыл Қазақстан Республикасының азаматтығын алды.