09 там, 2022 сағат 21:14

Ресейдің Қырымдағы әскери аэродромында жарылыс болды - видео


9 тамызда Қырым маңындағы Новофедоровка курорттық елдімекеніндегі Саки аэродромында бірнеше жарылыс болды. Бұл туралы жергілікті тұрғындар Reuters агенттігіне айтқан.

Азаттық радиосының Крым. Реалии сайтының жазуынша, мұнда әскери қару-жарақ қоймасы өртенген. Ал Ресей қорғаныс министрлігі аэродром аумағында авиациялық қару-жарақ жарылғанын мәлімдеді.

Новофедоровка билігі де бірнеше жарылыс болғанын растады. Бұған қоса, оқиға орнына жедел жәрдем қызметі мен санитарлық авиация жіберілген.


"Украинская правда" мәліметінше, әлеуметтік желі қолданушылары оннан аса жарылыс естігенін жазған. Новофедоровкадан 20 шақырым жердегі көліктердің дабылы қосылып, терезелер сынған.

Reuters мәліметіне сүйенсек, жергілікті уақыт бойынша шамамен 15.30-да әртүрлі қуатты кем дегенде 12 жарылыс естілген. Үшеуі зор жарылыс болған, одан ұшқын, ал кейін қою түтін шыққан. Шамамен 30 минуттан кейін тағы бір жарылыс болған, оны куәгерлер ең қаттысы деп атады, одан да түтін мен шаң көтерілген. 

Риа Новости хабарына қарағанда, Мәскеу тағайындаған Қырым басшысының кеңесшісі Олег Крючков Қырымның батыс жағалауында бірнеше жарылыс болғанын растаған. 

Айта кетейік, Саки аэродромы Херсон облысындағы Украина әскерінің позициясынан 200 шақырым жерде орналасқан. Крым.Реалии сайтының жазуынша, бұл аэродромда Ресейдің 3-авиациялық полкі орналасқан, полк құрамында Су-30СМ, Су-33 және Су-24М ұшақтары бар. Бұған дейін полктің Украинадағы соғысқа қатысып жатқаны айтылған.

Саки аэродромы 2014 жылдан бері Ресей әскерінің базасына айналған. Ресей бұл жерден соғыс басталғалы жиі ұшақ ұшырады. 1945 жылы ақпанда бұл аэродромға антигитлерлік коалиция басшылары – АҚШ президенті Франклин Рузвельт пен Британия премьері Уинстрон Черчилль мінген ұшақтар қонған. Олар мұнда Ялта конференциясына қатысуға келген еді.