Мемлекеттік Думаның "Дума ТВ" арнасын бұғаттағаннан кейін Youtube жұмысы ел аумағында тоқтатылуы ықтимал.
Арна әкімшілігі хабарлағандай, олар бұл жағдайға дайын болды, қазір басқа алаңда жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Роскомнадзор" РФ Мемлекеттік думасының YouTube-арнасын қайта қосуды және оны бұғаттау себептерін түсіндіруді талап етті.
Өз кезегінде, Федерация кеңесінің конституциялық заңнама жөніндегі комитетінің төрағасы Андрей Клишас YouTube жақын уақытта Ресейде заңсыз интернет алаңына айналуы мүмкін екенін айтты.
"YouTube біздің елде заңсыз алаңға айналуға сенімді түрде қадам жасап жатыр. YouTube осындай таңдау жасағаны өкінішті", - деп жазды Клишас өз Telegram-арнасында.
РФ сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова осы әрекеті арқылы YouTube өзіне-өзі үкім шығарғанын атап өтті.
"YouTube өзіне үкім шығарды. Контентті сақтап, ресейлік платформаларға көшіріңіздер. Мұны жылдамырақ жасаңыздар", - деп жазды Захарова Telegram-арнасында.
Еске салсақ, наурызда Youtube ХХ ғасырдағы теле және радиобағдарламалар мұрағаты сақтаулы Ресейдің Мемлекеттік телерадиоқорының арнасын бұғаттап, артынша қайта қосты. Ал Ресейде қазіргі уақытта танымал екі әлеуметтік желі - Instagram мен Facebook жұмысына тыйым салынған.